ҰБТ – 2015: былтырғы көрсеткішке жете алмадық

Үстіміздегі жылы өңірімізде 4397 оқушы мектепті аяқтаса, олардың 60% астамы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағына қатысты. Арқалық, Қостанай, Рудный қалаларының емтиханға қатысу көрсеткіші жоғары. Дегенмен мәселе онда емес. Аймақтық әкімдікте өткен жиында облыстық білім басқармасының басшысы Әлия Төртқараева биылғы жылдың ҰБТ нәтижелері туралы баяндады. Тестілеудің орташа көрсеткіші 79,78 баллды құрапты. Бұл өткен жылдың деңгейінен 1,15 баллға төмен. Басқарма басшысы бұны түлектердің алыс-жақын шетелдерге оқуға кетуі мен сынақтан босатылғандардың көптігімен түсіндірді. Атап айтқанда, халықаралық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың 59 жеңімпазы мен қатысушысы ҰБТ сынағына қатыспапты. Олар еліміздің Білім және ғылым министрлігінің бұйрығы бойынша республиканың кез келген жоғары оқу орнына түсуге сертификаттарға ие болып отыр.IMG_3576
– Өңірдегі дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы, «Озат», Қазақ-түрік лицейі жоғары баллдарды жинады. Қостанай, Лисаков, Рудный қалалары мен Сарыкөл, Денисов аудандарындағы нәтиже көңіл толтырады. Ең жоғары 124 баллды Қостанайдағы №2 мектеп-лицейінің түлегі Д.Айсина иеленсе, №10 орта мектеп түлегі төменгі 22 балл алды, – деді Ә.Төртқараева.
Биыл 400 мектеп бітіруші (2014 жылы 484) 100 баллдан жоғары жинаса, 40 түлек «Алтын белгі» иегері атаныпты. Ал 529 қатысушы тиісті 50 баллды ала алмаған. Үстіміздегі жылы Алтынсарин, Қарабалық, Қарасу, Амангелді, Әулиекөл аудандары мен Қостанай, Рудный қалалары былтырғы жылдың орташа көрсеткішіне жетпей қалған. Ал Жангелдин, Амангелді, Қарасу өңірлері түлектерінің білім деңгейінің көрсеткіші ең төмен. Сынақ өткен күндері 492 ұялы телефон, 17 калькулятор, 2 фотоаппарат, 371 жасырын жауаптар тәркіленіп алынғанмен, емтиханнан қуылғандар болмапты.
20 маусымда өңіріміздің барлық аудан-қалаларында түлектердің мектеп бітіру кештері өтпек. Ал облыс орталығында «Алтын белгi» иегерлері мен үздік аяқтағандарға аттестаттар тапсыру салтанаты болады. Аймақ басшысы Нұралы Садуақасов түлектердің мерекелік кештерін өткізу кезінде қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды.  
 
Қыдырбек ҚИЫСХАНҰЛЫ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓