Лисаковтағы жаңа вокзал құрылысы тәмамдалуға таяу
Құрылыстың негізгі жұмыстары аяқталды. Нобайлық бөлігі жасалып бітіп, енді нысанның әр-әлпетін келтіру ісі қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ шығу-кіру есіктерінің жұмыстары да тәмамдалуға таяу. Күту залы 17 орынға шақталған. Бейнебақылау камерасы орнатылып, өрттен хабар бергіш дабылдар қондырылып болды. Құрылысшыларға ғимараттың алдыңғы бетіне мәнерлі жапсырмалар жасаумен айналысу ғана қалып отыр. Бір жаңашылдығы — мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған жеке әжетхананың жасалғаны. Бұған қоса, жолаушылар жаңа вокзал ішінен ана мен балаға арналған бөлмелерді де кезіктіре алады. Электр желілерін тарту жұмыстары да әне-міне аяқталады. Нысанды жандандырып тұруы үшін 110 Квт-тық қосалқы бекет құрылды. Бұл шағын станция, жаңа вокзалдан бөлек, тағы да 10-ға жуық нысандармен қуатын бөлісе алмақ. Өзге де коммуникациялар жүргізіліп болды: салқын су ішке еніп тұр, құбырлық науа, байланыс желісі мен жылу жүйесі енгізілулі. Платформалар қайта төселіп жатыр. Былтырғы төселімі комиссияның сынына ұшыраған-ды. Қазіргі уақытта аулалық жұмыстар да қатарлас жүруде. Автотұрақтар салынып жатыр. Тұрақтарға электр жарығы жүргізіліп, шығу-кіру жолдары айнадай етіп төселмек. Лисаков қаласының архитектура және қала құрылысы бөлімі жетекшісінің айтуынша, пойыздар аялдамасының қашықтығы да ұзартылады.
Жандос Жүсіпбек