Жарық сәулені көре алмай…
«Сәт» бұрын Азат,Тұрар, Сапарбай деген зағип жастардан құралған трио еді. Енді екі әнші қалыпты. Сапарбай Алтыбай мен Азат Әбілдаев «Қош, махаббат!» атты шығармашылық концертімен облысымызға гастрольдік сапармен келді. Қостанайда өткен «Сәт» тобының ән кеші басқа концерттерден өзгешерек болды, одан алған әсеріміз де әдеттегідей емес…
Біз залға кірдік. Бір қалада тұрса да, бас қоса бермейтін, осындайда кездесіп, мәре-сәре болатын ағайын бір-бірімен амандасып, әзілдесіп, тойға келгендей мәз-мәйрам. Гүл шоқтарын ұстаған, гүлдей жайнаған қыздар да көп. Сахна әдемі безендірілген. Бәрі жарқырап тұр. Міне, екі әнші сахнаға шықты… Олар – бала күннен елге танылған жанарсыз жандар. Жас болса да қиындыққа қарсы тұрып, жаратқаннан жарық дүниені көрсетуді ғана сұрайды. Үміттері үркек, армандары асқақ, көздері көрмесе де, көкірек көзі ояу. Тек бір өкініш өзекті өртейді. Олар үшін дүние тас қараңғы. Көздерінде қара көзілдірік. Көруді армандайды, көрмейді. «Тағдырға мойынсұнбау керек»,-дейді. Біз айтар сөзді олар айтады. Көрермендерін көңілдендіру үшін әзілдеп те қояды. Күлгендер бар, жанары жасқа толып, жылап отырғандар да бар. Олар үшін өмір бір ғана түстен тұрады. Қара түс, қап-қара дүние. Жарықты сүймейтін жарқанат қана шығар. Сахнада тұрған оларды біз көреміз, олар көрмейді. «Сіздердің шапалақтарыңыз біз үшін ауадай қажет»,-дейді. Оларды бізбен байланыстырып тұрған осы дыбыс, ду қол шапалақтың дыбысы. Әншінің бірі сахнаның шетіне келіп қалғанда отырғандар тым-тырыс болады. Құлап кете ме деп алаңдаулы. Әне, Сапарбай баспалдақпен өзі түсіп келеді. «Қайда барасың? Құлап кетесің ғой»,- деген әйелдің жанұшырған дауысынан жүректер су ете түсті. Жоқ, құламады. Залдағы көрермендерге жақындап келіп, қолдарын алды. Қайта орнына барды, серігін тапты. Көңілдер де тыныш тапқан сияқты. Олар талай жердің дәмін татты. Оларды сахнадан талайлар көрді. Олар көрген жоқ, тек естіді. Жан сарайын дыбыстармен байытты. Астанада да болыпты. Болса да арман қаланың ажарын көре алмағаны өкінішті. «Астананы көргім келіп кетті»- дейді. Көруді армандайды. Олар түс көре ме екен? Түстерінде де жарық сәуле жоқ па екен? Әттең…Шектеулі дүние, шектеулі мүмкіндік. Сонда да олар шектеліп қалған жоқ. Маңдайдағы қос жұлдызы- көзінен айырылып, дүниенің көркін көрмейтін болса да, жігерлерін жасытпай, өнер жолына түсті, жұртқа танылды. Сары уайымға салынбай сахнада жүр. Сазды әуеннің әсерімен көңілдерді сергітіп, өзгелерге нұр шашқандай. Олар той туралы, махаббат туралы ән айтады. Олар әлі жас, жалғыз қалмай, жұптарын тапқысы келеді. Бірақ әндері көбінесе сәтсіз махаббат туралы. Жап-жас болып «Қош, махаббат» деп, жан-дүниеңді тебірентіп, мұңға батырады. Оларды сахнаға біреулер жетектеп әкеледі. Өздері келген ізбен кері кетеді. Қолдарымен қарманып бірін-бірі іздейді. Бірінен бірі алыс кетпеуге тырысады. Кейде қол ұстасып тұрады. Олар тағдырлас, бірін бірі айтқызбай түсінетін шығар. «Бізді мүсіркемеңдер, өнерімізді түсініңдер» -дейді. Аяу,мүсіркеу бәрінің қолынан келеді. Түсіну ше? Олардың әндерінде жанар, көз деген сөздер жиі кездесетін сияқты. Әлде олар айтқасын солай көріне ме екен? Міне, «Кездер-ай» деген әнді шырқауда. «Кездер-ай, кездер-ай….Көздер-ай, көздер-ай…»… Жүрегің ауырады, жаның сыздайды. Олар бір көруге зар болған жарық дүние-ай! Көгілдір аспан, жарқыраған күн сәулесі, жап-жасыл әлем… Жаратқанның берген сыйы екен ғой. Осының бәрін көзбен көріп жүргеніңе де тәуба деу керек шығар. Олардың арманы осы біз кейде бағалай бермейтін жарық дүние! Сол Жарық дүниені көрсетпей қойған Жаратқан оларға дауыс берді, талант берді. Сол таланттарының арқасында еліне танылды. Олар көптен аяушылық күтпейді, өзгелер өздеріне теңіндей қарасын дейді. Иә,өнерге де өжеттілік, табандылық керек. Соңғы ән, көпке белгілі «Көнеміз ғой» әні. Көңіл көзінен жас моншақтап тұрғандай. «Көнбегенде қайтеміз?»-дейді. Көнуге де күш керек. Көрермендер орындарынан тұрып ұзақ қол шапалақтады. Қолдау көрсетті, «Сәтке» сәттілік тіледі. Қолдан келгені осы еді…
Мнауара Қабдрахметова