Қылмыстық іс қайта қаралды
Қостанай облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасы прокурор наразылығы және сотталушылар шағымы бойынша «Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау МСҚБ департаменті» басшысы А. Ен және оның қарамағында жұмыс істеген қызметкерлерге қатысты қылмыстық істі қайта қарады.
Александр Ен құрамында өзінің орынбасары Е.Ағытаев, бөлім басшысы К.Қасенов және маман Н.Чемпалова кірген қылмыстық топ құрған. Олар құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізуге мемлекеттік лицензия беру мәселесін оңтайлы шешу үшін кәсіпкерлерден тұрақты түрде ақшалай сыйақы алып отырған. Лицензия құны 2000 доллардан 10 000 долларға дейін бағаланған.
Жалпы 2013 жылдың қыркүйек айынан 2014 жылдың наурыз айы аралығында лауазымды тұлғалардан құралған қылмыстық топ 32 мың АҚШ долларымен қалталарын қомпайтқан.
Сот үкімімен А.Ен қылмыстық топ құрғаны, қызметтік өкілеттілігін асыра пайдаланғаны және пара алғаны үшін айыпты деп танылды. Оған қатаң тәртіптегі колонияда 9 жыл бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалды.
Ал оның сыбайластары К.Қасенов жалпы тәртіптегі колонияда 7 жылға, Е.Ағытаев жалпы тәртіптегі колонияда 1 жылға, Н.Чемпалова жалпы тәртіптегі колонияға 1 жылға бас бостандықтарынан айыру және мүліктерін тәркілеу жазаларына кесілді.
Апелляциялық сот алқасы Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты үкімді өзгертті. Сотталушылар Е.Ағытаев пен Н.Чемпаловаға ҚР ҚК 307 б. 4 б., 311 б. 4 б. «а,б,в,г» т. бойынша жазаға ҚР ҚК 55 бабы қолданылып, олардың темір тордың ар жағында өткізу мерзімі 4 жылға өзгертілді.
Ал қалған сотталушыларға 7 жыл мерзімге әкімшілік-шаруашылық немесе ұйымдастыру-басқаруға байланысты қызметте жұмыс істеу құқықтарынан айыру жазасы берілді. Басқа бөлімдерде сот үкімі өзгертілмеді. Осылайша прокурор наразылығы жартылай қанағаттандырылды.
Махаббат Бекбай