Сыңғырлаған қоңырау үнімен…
Аймағымыздағы барлық мектептерде оқу жылының аяқталғанына арналған соңғы қоңырау салтанаты болып өтті. Қостанай қаласындағы №2 мектеп-лицейінде болып өткен осындай салтанат кешіне облыс әкімі Н. Садуақасов қатысты. Түнеріп тұрған аспан жүзі де ашылып, күннің көзі өз нұрын шашқандай болды. Салтанат барысында әдеттегідей мемлекеттік ту ортаға шығарылып, еліміздің Әнұраны орындалды. Соңғы қоңырау салтанатымен мектеп бітіруші 11 сынып оқушыларын аймақ басшысы құттықтады, игі тілегін айтып, сәт сапар тіледі.
-Жылдан жылға елімізде, облысымызда мектептер салынып, балабақшаларға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Білім сапасы да жақсару үстінде. Сондай сапалы білімді өңіріміздің білікті мұғалімдері береді. Сіздер сондай білімге ие болып отырсыздар. Елдің ертеңісіздер. Сіздерді күтіп тұрған сынақтарыңыздан мүдірмей өтетіндеріңізге сенімдімін. Түлеп ұшқан мектептеріңізді ұмытпаңыздар,-деді облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде.
Содан кейін мектеп бітірушілерді мектеп директоры В. Макерова, 1 сынып оқушылары құттықтады, жылы лебіздерін білдірді, игі тілектерін айтты. Жиналғандарға мектеп өнерпаздары ән шырқады, ал, «Қарнавал» би ұжымы билерін сыйлады. Мектеп вальсі болды. Түлектер естелікке әкіммен суретке түсті. Облыс әкімі салтанаттан соң мектеп ішін аралады, сыныптарды көрді. «Карнавал» би ұжымының базасы осы мектепте орналасқаны белгілі. Аймақ басшысы ұжымның жұмысымен танысып, директорынан қандай мұқтажыңыз бар деп сұрады. Ұжым директоры келешекте балаларға арналған шағын филармония ашсақ деген ой бар. Облыс әкімі ол ой-пікірді құптап, шешеміз, қарастырамыз деді.
Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ