«Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым»
Әр халықтың өзіне тән ұлттық құндылықтары, рухани мұрасы болады. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой-толғаныстары, батырлық эпостары, ертегілері мен аңыздары, шешендік сөздері мен айтыс-жырлары сонау заманнан бастап, күні бүгінге дейін атадан балаға ауызша мирас болып жеткен.Қазақ халқының философиялық ойлау жүйесінің нағыз жарқын көріністерін айшықтай түскен, рухани құндылықтарды халық бойына сіңіріп, оны қазіргі ұрпаққа жеткізген тұлғалар өте көп. Солардың бірі, әрі бірегейі, қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршы – Жамбыл Жабаев. Жамбылдың ақындық дарыны жас кезінен бастап танылып, бозбала шағының өзінде-ақ өскен ортасын ән мен жырға бөлеп отырған. Қазақтың қара домбырасын ойнауды ерте жасынан меңгерген жас Жамбыл Жетісудың дүлдүл ақыны Сүйінбайдың шәкірті болып, оның батасын алған. Жамбыл Жабаев қос ғасырды тұтастырған, екі дәуірдің куәсі болған жыршы, елін, жерін, батырларын жырлаған жырау, қынаптан қылыш суырғандай жалт еткен суырып-салма ақын, айтыскер.
Биылғы жыл атаулы күндер мен мерейтойларға толы жыл. Ағартушы, ұстаз Ы. Алтынсаринның 180 жылдығы, орасан күштің иесі, күрестің бірнеше түрінен әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ алыбы Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, қолына қару мен қаламды қатар ұстаған дауылпаз ақын Қ.Аманжоловтың 110 жылдығы және тағы да басқа ірі тұлғалардың мерейтойлары аталып өтіп жатыр.Жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың мерейтойытәуелсіздігіміздің салтанатты 30 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келіп тұр. ҚазақстандаЖамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойын мерекелеу жыл басынан басталып кетті. Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы да тысқары қалмады. Жыл басынан бастап оқу залында ақынның мерейтойына арналған «Жамбыл Жабаев – ұлы дала ақыны», ал абонементтер бөлімінде «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты кітап көрмелері ұйымдастырылды.Осы жылдың соңына дейін жұмыс істейтін кітап көрмесі оқырмандардың қызығушылығын тудыруда.Кітапхана қызметкерлері ай сайын студенттерге ақынның кітап көрмесіне шолу жасап тұрады. Әлеуметтік желідегі белсенді оқырмандарымыз үшін де ақынның өмірі мен шығармашылығын қамтыған бейнешолулар мен виртуалды көрмелерді ұсындық. Сондай-ақ, ZOOM платформасында қазақ поэзиясының ұлы шебері Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты онлайн кездесуін өткіздік.Іс-шараға Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі қазақ ақыны, публицист, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Оспанов Серікбай, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Нұрмұхаметова Қарлығаш Тұрғанбекқызы, Жамбыл атындағы Алматы қалалық жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі Ғазиза Құдайбергенқызы Нұрғалиева қатысты. А. Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенттері Жауынбай Жылқыбай мен Нұрсұлтан Сабыржан ақынның өлеңдерінен үзінділер оқыды. Ал «Озат» мамандандырылған ақпараттық технологиялар мектеп-лицей-интернаты оқушылары Дина Ислямова мен Анель Акижанова Жамбыл Жабаевқа арналған өз арнауларын оқыды.
«Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан секілді. Оны жинап алып халқының қолына беру – біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», –деген еді Сәкен Сейфуллин.Осы іс-шараларды ұйымдастырудағы негізгі мақсатымыз да осы,оқырмандарға ақынның өмірі жайында ақпарат беру, еңбектерін ұсынып, шығармашылығымен таныстыру.
Жүз жасаған жырауЖамбыл Жабаевтың жырлары жұртының жүрегіне жетіп, жүздеген жастардың жадында жырлап, жүздеген ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа ұлықталып, ұлтымыздың ұландарының ұраны болып қалары сөзсіз.
Айман Елібаева,
Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық
әмбебап-ғылыми кітапхана қызметкері