Алкогольге қарсы арпалыс

Алкогольдік өнімдердің өрісін тарылту мақсатындағы жұмыстар жемісті жалғасын табуда. Мемлекеттік кірістер Департаменті жергілікті өндірушілер мен шетелден келетін тауарларға қатаң қадағалау орнатқан. Ішімдікпен ісін ілгері ілбіткендер енді акциздік посттың қас-қабағын бағуға мүдделі.  Оның үстіне, камералдық бақылау да жүйелі түрде жүргізілуде. Тексерістер мен жедел іздестіру шаралары да тұрақты ұйымдастырылуда.
Мәселен, ақпан-наурыз айларында 95 тақырыптық тексеріс өткізіліпті. Бұның басым көпшілігі тауар лицензиясының қолма-қолдығын,салық органдарында тіркелгендігін, минималды бағаның бақылауда ұсталуын қадағалауды мақсат еткен.Арак.
Тексеріс нәтижесінде импорттық құжаттарынан қателік табылған 2600 литр спирттік өнім тәркіленіп, 11 млн.теңгеден астам сомада әкімшілік айыппұл салынды. Мұнымен қоса, құны 24 млн.теңге болатын 20 тонна спирттің құжатсыз саудаға шыққаны әшкере етілді.
Спирттік ішімдіктерді тыйым салынған тасымалмен, сатумен айналысқан тұлғаларға да тосқауыл салынды. Атап айтқанда, Қарабалық ауданында Ресей Федерациясының 1712 бөтелке алкогольдік өнімі тәркіленіп, 10 млн.теңге айыппұл салынды. Затобол кентінде де заңсыздыққа барған сатушы, 315 литр тауары талан-тараж болғанымен қоса, 353 мың теңге айып ақы төледі. Арам жолмен ақша тауып, артық қыламын деп тыртық қылғандардың тағы бірі рудныйлық азамат. Одан 230 литр РФ-ның алкогольдік өнімі тартып алынды. Сондай-ақ, Қазақстан-Ресей шекарасында да көлеңкелі сауданы көксеген топ көліктерімен діттеген жерлеріне жетпей құрықталды. Көлікте құжаттан ада 14 мың шыны ішкілік болған екен.
Аталып өткен барлық оқиғалар бойынша қылмыстық істер қозғалды. Сондай-ақ, сала қызметшілері жымысқы сауданың басты арнасын айқындамақ үшін арнайы іс-шаралар жүргізіп жатыр.
 
Жандос Жүсіпбек

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓