Соналыдағы салтанат
Ұлы Жеңіс күні және 70 жылдық мерейтой Соналыда да айырықша аталып өтті. Ауыл мектебінде «Ер есімі – ел есінде» атты салтанатты жиын ұйымдастырылды.
Оған аудан әкімі, мекеме басшылары, жеке кәсіпкерлер және жан-жақтан жиналған мәртебелі меймандар мен соналылықтар қатысты. Қысқасы, халықтың қарасы көп болды.
Алдымен, өңір басшысы Эльдар Күзенбаев жиналған жамағатты мерейлі мейраммен құттықтап, ауылдың бір топ тыл еңбеккерлеріне мерекелік медальдар табыстады.
Сондай-ақ, сахна төріне көтерілген ауған соғысының ардагері Анатолий Горнинг мерекелік лебізін білдіріп, ат үстіндегі азаматтарды медалдармен наградтады. Ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық, тыл еңбеккерлері, қонақтар да құттықтау сөз сөйлеп, мерекелік ілтипаттарын жеткізді. Құрметті меймандардың қатарында 1991 жылы Соналы орта мектебін салдырған сол кездегі Қостанай облысының білім департаментінің басшысы Светлана Мачнева да болды.
Жеңіс жолында жаумен жан аямай шайқасып, ерен ерліктің үлгісін көрсетіп мерт болғандардың рухына құран бағышталып, ескерткіштеріне гүл шоқтары қойылды. Осы орайда айта кеткен жөн, сұрапыл жылдарда Соналы ауылынан майданға 80-ге жуық азамат аттанып, оның 46-сы ғана елге аман-есен оралған.
Жалпы, Соналыда өткен Жеңіс тойға белгілі кәсіпкер, «Нұр-Айгер-СК» ЖШС-нің директоры Серікбай Жұмағұлов тікелей мұрындық болды.
Салтанат соңы аспен жалғасты.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.