Маңызды жеңіс
Қостанайдың «Тобылы» өз алаңында Қызылорданының «Қайсарын» қабылдады. Турнир кестесінде қоңсылас тұрған қос команданың қай-қайсысына да үш ұпай аса маңызды. Әсіресе, бар болғаны сегіз ұпаймен тоғызыншы орынға мықтап тұрақтаған жерлестеріміз үшін ертерек ұпай жинай бермесе болмайды. Өйткені, әні-міні дегенше футбол маусымының бірінші айналымы да түгесілді. Алғашқы алтылыққа енуге әлі мүмкіндік мол. Сол мүмкіндікті бүгіннен бастамаса, ертең кеш болуы ықтимал. Бұл жолы қостанайлық футболшылар осыны мықтап сезінген болуы керек. Дмитрий Огай шәкірттеріне қарсы ойында алғашқы минуттардан бастап доп соғуға әрекеттенген. Бірақ, «Қайсар» қақпасының кілті оңайлықпен табыла қойған жоқ. Тек, тоқсаныншы минутта қорғаушы Иван Садовничий қызылордалық командаға гол соғып, жерлестерімізді жеңіске бастады. Осылайша көптен бері арманға айналған үш ұпай уысқа түсті. Сөйтіп, «Тобыл» Отан қорғаушылар күні барша қостанайлық жанкүйерлерге ерекше сый жасады.
Енді жерлестеріміз екінші айналымдағы өзінің алғашқы кездесуін өз алаңында-Қостанайдағы Орталық стадионда өткізеді. 16 мамыр күні бізге Талдықорғанның «Жетісуі» қонаққа келмек.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ