Балғындар бәсекесі
Қостанайда «Арманға асығайық» деген атпен жетім балалар арасында футболдан жарыс болып өтті. «Нұр Отан» партиясының «Бақытты балалық» жобасының шеңберінде ұйымдастырылған доп додасына Қостанай және Рудный қаласындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері қатысты. Қос команда арасында өткен тартысты кездесуде қостанайлықтар қарсыластарын 7:0 есебімен ойсырата ұтты.
-Біздің балғындар екі жыл қатарынан республикалық жарыстардың қола жүлдесін жеңіп алды. Биылда біздің мекеменің шәкірттері өте үздік нәтиже көрсете білді. Олардың бар арманы Мюнхендегі атақты «Бавария» клубының базасына саяхат жасап, танымал шетелдік футболшылармен кездесу. Балалардың бұл арманы сөз жоқ орындалады,-дейді Қостанай облыстық балалар үйінің директоры Сергей Архипкин.
Осымен үшінші жыл «Цеснабанк» АҚ-ның қолдауымен «Бауыржан» қайырымдылық қоры «Нұр Отан» партиясымен бірлесіп футболдан республикалық турнир ұйымдастырып келеді. Ондағы мақсат- жетім балалар арасында талантты футболшыларды анықтау. Келешекте олар ел футболының дамуына өзіндік үлес қосуы ықтимал.
2013 жылдан бері жетім балалар арасында футболдан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылып келеді.Алғашқы біріншілікте Ақмола облысының Есіл қаласынан келген команда жеңімпаз атанып, Испанияның «Барселона» командасымен танысып қайтуға мүмкіндік алса, өткен жылы Алматыдағы№1-ші балалар үйінің командасының бағыжанды.Олар Италияның «Миланелло» базасына барып, атақты «Миланның» футбол базасын көріп қайтты. Жоғарыдай айтқанымыздай, биылғы жоспар Германияға жол тарту. Бағдарламаға сәйкес, іріктеу ойындары әр өңірде сәуір-мамыр айларында өткізіледі. Ал финалдық кездесу алдағы маусым айында Алматы қаласында ұйымдастырылмақ. Биыл бұл жарысқа Қостанай облыстық балалар үйінің командасы да қатысатын болады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ