Самат Бәкіров атындағы ескерткіш қабырға ашылды
Бүгін облыстық ішкі істер департаментінде Ұлы Отан соғысының ардагері, милицияның генерал-майоры Самат Бәкіров атындағы ескерткіш қабырға салтанатты түрде ашылды. Оған облыс әкімі Нұралы Садуақасов, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжебек Укин, облыстық ІІД басшысы Тілеген Мәткенов және С.Бәкіровтың ұрпақтары, туған-туыстары қатысты. Салтанатты шарада аймақ басшысынан бастап, бірқатар азаматтар сөз алып, Самат Ысмағұл ұлы туралы естеліктер айтты, жылы лебіздерін білдірді.
Самат Бәкіров ішкі істер органдарында 47 жылдан астам уақыт бойы қызмет істеген. Соның ішінде ол 1974 жылдан бастап 1990 жылға дейін Қостанай облыстық ішкі істер басқармасына жетекшілік етті.Оның еліне еткен адал еңбегі өлшеусіз еді деп еске алды бүгінгі шараға жиналғандар. Соның куәсіндей Самат Бәкіров Қостанай қаласының құрметті азаматы атанды. Басқа атақтары бір бөлек.
Облыстық ішкі істер департаменті әлі күнге дейін С.Бәкіров есімін үлкен құрмет тұтады. Өйткені, ол ешқашан қатал басшы болған жоқ. Бірақ, әрқашанда әділдікті жақтап өткен азамат. Ол ІІБ басқарған жылдары тәртіп сақшыларының жұмыс істеуі үшін барлық жағдайды жасады. 1993 жылы С.Бәкіровтың бұйрығымен Қостанайдың іргесінде ішкі істер қызметкерлерінің балалары үшін «Дзержинец» емдеу-сауықтыру лагері ашылды. Бүгінде ол С.Бәкіров есімімен аталады.
ІІД мұражайында Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында генарал С.Бәкіровтің көрмесі жұмыс істей бастады. Мұражайдағы 200 – ден астам түрлі тарихи құжаттар, фотосуреттер мен 100 шақты видеофильмдердің арасында даңқты жерлесімізге арналған көрме келушілердің назарын өзіне аудармай қоймайды. Көрмеде Самат Ысмағұлұлының өмірі мен қызметі туралы барлық мәліметтерді табуға болады.
Айбек КӘДІРҰЛЫ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ