СЕНІҢ ДАУЫСЫҢ МАҢЫЗДЫ!
Рудный қаласындағы №7 мектепте орналасқан №149 сайлау бөлімшесіне бүгін таңғы 7.00-ден бастап алғашқы сайлаушылар дауыс бере бастады. Ал бір сағаттан кейін халықтың белсенділігі арта түсті. Бірінен соң бірі балалары мен немерелерін жетектеп келіп жатқандар аз емес. Бәрінің көңіл-күйлері көтеріңкі. Осы учаскеде алғашқылардың бірі болып өз таңдауларын жасаған ерлі-зайыпты зейнеткерлер Амангелді Шарапатов пен Ырыскүл Ибрагимова Өзбекстанның Зарафшан қаласынан 2002 жылы көшіп келгендігін айтады.

-Еліміз тыныш, жұртымыз аман. Қазақстан әлем елдерімен терезесі теңелді. Біз келген 2000-жылдары халықтың жағдайы қандай еді, қазір қандай? Өркендеуіміз осылай жалғаса бергенін қалаймыз. Ұрпақтарымыз бақытты болсын деген тілекпен биыл Президент сайлауына 3-рет қатысып отырмыз. Бұл күн отбасымыз үшін бір кішкентай мереке секілді, – дейді зейнеткерлер.


Дауыс берген рудныйлықтардың жалпы санын, әрине, сайлау аяқталған соң ғана нақты айтуға болады. Алайда халықтың құлшынысына қарағанда, күн батпай жатып бұл жайт анықталатын секілді.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ