Ұры ұсталды
Маршруттық автобуста жолаушылардың қалталарын қағып жүрген ұры ұсталды. Полиция кіші сержанты Дархан Бекдауытов кезекшіліктен кейін қоғамдық көлікпен үйне бара жатқан еді. Алдынғы қатарда отырған ол бір бойжеткеннің айқайлаған дауысын естиді.
Жас қыз ұялы телефонын қайтарып алмақ болып, ер адаммен ұрысып жатқанын аңғарады. Тәртіп сақшысы олардың қастарына барып, кикілжің себебін білмек болады.
Бойжеткен автобустан шыққалы тұрғанда оның сыртқы киімінің қалтасынан екінші бір жолаушы ұялы телефонын суырып алғанын айтты. Бағалы затының ұрланғанын сезген ол сол жерде көмек сұрайды. Бірақ жолаушылардың бірі де оған елең етпеген.
Ішімдікке сылқия тойған ер адам аталмыш телефонның оның анасы жоғатқан байланыс құралына ұқсайды деп қисынсыз уәж айтқан.
Дархан Бекдауытов қоғамдық көлікті тоқтатып, күдікті мен жәбірленуші қызды жақын маңдағы полицияның «Арман» стационарлық пунктіне жеткізген. Сол жерге жедел-тергеу топты да шақыртқан.
Пост кезекшісі ұсталған күдікті туралы мағлұмат алу үшін мәліметтер базасын тексереді. Онда 27 жасар жұмыссыз азаматтың бұрын ұқсас қылмыстары үшін жазаға тартылғандығы белгілі болды.
Полиция қызметкерлері қолды бола жаздаған ұялы телефонды иесіне қайтарды. Ал құрыққа түскен ұрлықшыға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция қатарына алынғанына 5 ай ғана болған Дархан Бекдауытов оннан астам қылмыстың бетін ашқанын айта кеткен жөн.
Махаббат Бекбай