Полиция қызметкері жазасын алды
Үстіміздегі сәуір айының 20 күні газетіміздің сайтында «Қауіпсіздік белдігін тақпауға бола ма?» атты полиция қызметкерлерінің өздерінің тәртіп бұзғаны туралы бейнеролик жарияланған болатын. Өрескелдік 18 сәуір күні сағат күндізгі 11.00 шамасында болған. Қостанай қаласындағы Қайырбеков көшесі бойымен көлікпен келе жатқан газетіміздің тілшісі Қыдырбек Қиысхан қатарласып өтіп бара жатқан жол-патрульдік полиция машинасында тәртіп сақшыларының қауіпсіздік белдігінсіз отырғанын көреді. Тілші осы көріністі ұялы телефонның бейне камерасына түсіріп алыпты. Алдыңғы қатарда отырған полиция қызметкерлерінің екеуі де белдік тақпағанымен, бейне жазбада тек тізгіндегі тәртіп сақшысы ғана анық көрінеді.
Полиция қызметкерлерінің көлікте қауіпсіздік белдігінсіз жүруі қаншалықты заңды, жоғарыдағы бейне таспадағы полиция қызметкерлерінің аты-жөні кім, тәртіп сақшыларының мына әрекеті заңсыз болса, олар жазаға тартыла ма? Осы сауалдарға облыстық ІІД өкілдерінен ресми жауап күткен едік.
Араға көп уақыт салмай, сайтта жарияланған мақалаға қатысты облыстық ІІД МТ және АБ басшысы Ә.Нұрмахиннен редакцияға жауап хат келді.
«Полиция қызметкерлерінің жол қозғалысы тәртібін бұзуы туралы сіздің басылымыңыздың веб-порталында орналастырылған бейне түсірілім Қостанай облысы ішкі істер департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы тергеу қорытындысы бойынша автокөлікті басқарған полиция жүргізушісі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 593 бабының 1 тармағы «Қауіпсіздік белгісін қолдану тәртібін бұзу» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қызметкерге 9910 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Сонымен қатар, қызметкердің жұмыс істеп отырғаны орнында, яғни Қостанай қаласы ІІБ жол-патрульдік полициясы батальонының басшылығы тәрбиелік бағытта сұхбат жүргізді» делінген.
Департамент өкілдері тілшіге азаматтық тұрғыдан тәртіп бұзушылыққа немқұрайлық танытпағаны және ақпарат ұсынғаны үшін алғысын білдіретінін де жеткізіпті. Дегенмен жоғарыда жауапкершілікке тартылды деген полиция қызметкерінің аты-жөні мен көлікте онымен бірге отырған әріптесінің кім екендігі жазылмаған.