Егіздер өліміне “кәмпит” себеп пе?
Рудныйда жұмбақ жағдайда көз жұмған ағайынды жеткіншектердің күдікті кәмпит жеп қойғаны туралы сыбыс тараған. Облыс полицейлері деректі дереу тексеріп, жалған-шынын анықтады.
Қайғылы оқиғадан соң "марқұм балалардың анасы айтты" деген дыбыс жазба WhatsApp мессенджерін шарлап кетті.
"Ол дүкенге балаларымен барады. Үйіне келгенде егіздердің қолынан кәмпитті көреді. Қайдан алғандарын сұрағанда олар әлдебір ер кісінің бергенін айтқан. Олар ұйқы алдында естері ауысқандай күле бастаған", – делінеді жазбада.
Мұнда дәрігерлердің "есірткіден уланған" деген диагноз қойғаны да айтылған. Сондай-ақ, дыбыс жазба авторы келесі күні егіздерді ауруханадан босатып жіберген ақ халаттыларды айыптайды.
"Синтетикалық есірткі жасайтындар бар ғой. Солар балаларға берген болып тұр. Осы хабарды таратыңдар. Балаларыңыз бейтаныс біреуден ештеңе амасын", – деп түйіндеген әйел.
Ал облыстық ПД баспасөз қызметі осы дыбыс жазбаға байланысты тергеу аяқталғанын, ақпараттың расталмағанын айтты.
"Рудныйдағы балалардың есірткілік заттан улануы мүмкін екені айтылған хабарлама жалған болып шықты. Фейк ақпарат таратқандардың жауапқа тартылатынын ескертеміз", – дейді баспасөз қызметіндегілер.