Екпеден қашу кателік
Соңғы жылдары ел ішінде жұқпалы дерттің алдын алу үшін егілетін вакциналарға қатысты әр алуан пікір қалыптасып үлгерді. Қостанай облысы бойынша биылдың өзінде 181 ата-ана баласына екпе жасауға қарсылық білдірген. Ал дамыған елдердің медицинасында екпесіз ұлттың ертеңі бұлыңғыр саналады. Екпеге қатысты халықтың алаңдаушылығы қаншалықты орынды? Осы және өзге де сауалдарға облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Бәйменова журналистермен кездесуде жауап берді.
Жұқпалы дерттің алдын алуда екпенің пайдасы мол екенін әлемдік медицина мойындаған. Ал кейбір азаматтар интернеттегі түрлі ақпараттарға сеніп, балаларына вакцина салдырудан бас тартуда. Сала мамандары екпеге қарсылық таныту қателік деп отыр.
-Қазіргі уақытта вакцинадан бас тартатын адамдар кездеседі. Әсіресе, жас отбасылар. Облыста екпенің нәтижесінде полиомиелит, дифтериямен тіркелген науқастардың саны азайды,-деді облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Бәйменова.
Өңірде 2005 жылы қызылшамен ауырған 550 науқас тіркелген. Сол уақыттан бері қарай қызылша дертіне қатысты бір де бір дерек жоқ. Осының өзі екпе жасаудың оң нәтиже берерін білдірсе керек. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдер арасындағы А гепатитінің вирусы төмендеген.
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕК.