ЭКСПО-ҒА ЕКІ ЖЫЛ ҚАЛДЫ
Жаһандық жаңғыртудың жаршысы, индустриаландырудың жар-қын көрінісі, техникалық және технологиялық жетістіктердің көрмесі – "Экспо – 2017" жобасының жүзеге асырылуына да екі-ақ жыл қалды. Тарихи өлшеммен қарағанда, қас-қағым сәтке баланған уақыттың ішінде қазақ елі жарқын болашағы мен жаһандық технологияларымен әлемді аузына қаратуы тиіс. Қазіргі таңда осы бағытта ауыз толтырып айтарлықтай істер тындырылуда. Елбасымыздың бастамасымен, "Экспо – 2017" жобасын жүзеге асыруға бағытталған кешенді жоспарлар құрылып, Үкімет тарапынан қомақты қаржы құйылуда.
Қос бүйірден қысқан қаржы дағдарысында қыруар шығынның қайтарымы қандай болмақ?! Осы тұрғыдан келгенде, ел пікірі екіге жарылып жатқаны жасырын емес. Бәз біреулер мұндай жобаның түкке қажеті жоқтығын айтып, бұған кетер шығынды әлеуметтік салаға жұмсау қажет деген ұстанымда. Ал, ел болашағынан үміт күткендер осы көрменің күшімен, әлемнің азулы елдерімен иық тіресер күнге жетерімізге нық сенімді.
Елордасында өткелі жатқан "Экспо – 2017" көрмесіне әлемнің жүзден астам мемлекеті, халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде. "Болашақтың энергиясы" жобасына бас-аяғы 3 миллионға жуық адам келеді деп жоспарланған. Көрме аясында табиғатқа ешбір зияны тимейтін, баламалы энергия көздерінен қуаттанатын құрылғылар көрермен назарына ұсынылмақ. Заманауи технологияның тілін игерген 50-ден астам компания "Экспо – 2017" көрмесіне қатысуға өтініш, тілектерін білдірді. Сондай-ақ, жоспарланған жүз мемлекеттің 10-ы осы жобаға қатысарын ерте бастан ескертіп қойды.
Орта-Азия аймағында, ТМД көлемінде мұндай жобаны тұңғыш болып, жүзеге асыру мәртебесінің қазақ еліне бұйырғаны көңіл қуантады. Қазақстанға мұндай көрме – мақтан үшін емес, болашақ үшін қажет! Осы жоба аясында шетелдік инвесторларды елімізге көптеп тартып, туристік саланы дамытуға зор мүмкіндік туар еді. . .
Жер шарындағы болып жатқан құбылыстар мен қақтығыстар қалталы азаматтардың бизнесіне нұсқан келтіріп жатқанын әлемдік бұқаралық ақпарат құралдары жарыса жазуда. Әсіресе, Орта Азия елдеріндегі инвестициялық жағдай мәз емес. "Орта Азиядағы шетелдік инвесторларға төнген саяси қауіпті елдерді анықтау" мәселесін көтерген шетелдік сарапшылар – осы аймақта қалталыларға қазақ елі қауіпсіз деген тұжырымға келіпті. Біздің елдегі шетелдік салымға төнер қауіп 18 баллдан аспаған болса, Түркіменстан – 33, Өзбекстан – 38, Қырғызстан – 39, Тәжікстан – 43 баллға табан тірепті. Сарапшылардың ең қауіпті деп 50 баллды есепке алғанын айта кеткен абзал.
Онсыз да, Қазақстан атауын Ауғанстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен шатастырып жүретін шетелдіктерге "Экспо – 2017" көрмесі – бет бұрар шамшырағы болуы тиіс. Олай дейтініміз, "Экспо" көрмесін өткізген елдердің барлығы дерлігі осы шараның нәтижесінде, әлемдік аренада өз орындарын нықтап алды. Тарихи деректерге жүгінер болсақ, "Экспо" көрмесі АҚШ-та – 21 рет, Франция – 9, Бельгия – 8, Ұлыбритания, Италия, Жапон елдерінде 4-тен, Австралияда екі рет, Корея, Венгрия, Германия, Португалия сынды елдерде бір-бірден ұйымдастырылған екен. Адамзат тарихында 66-рет қолға алынған шараның соңғысы Түркияда өтті. Аталған елдердің арасынан олқысын көрдіңіз бе?!
Жалпы алғанда, "Экспо" көрмесі тұңғыш рет 1851 жылы Ұлыбританияда бастау алған екен. Лондонның "Гайд-паркінде" орналасқан көрмеде өндірістік революцияның жетістіктері ұсынылған. Өндірістік тауарлар мен өңдеуші құрылғылар, алғашқы машиналар, қолөнер бұйымдары көпшілікке көрсетіліпті. Әлемдік шараны әркімнің есінде қалдыру мақсатында, әрі күн сәулесін тиімді пайдаланудың жолдарын жиналғандарға көрсету үшін, Британия принці Альберттің басшылығымен алып "Хрусталь сарайы" салынған. Қаңқасы болаттан құрылып, шынымен көмкерілген ғимарат – сол кезден-ақ адамзаттың экологиялық қауіпсіздікті көксегенін көрсеткен еді. Алғаш рет ұйымдастырылған ауқымды көрмені тамашалауға сол кезде 6 миллионнан астам адам жиналған көрінеді. "Эксподан" түскен табыс мөлшері британдықтардың шығынын тұтасымен жабуға жеткен. Британдықтардың бастамасын француздар бірден іліп әкетеді. Олардың да табысқа кенелгенін тарихтан ақтарып білуге болады. Содан бері көрме уақыт оздырмай өткізіліп келеді. Араға 165 жыл салып, қазақ елі де экологиялық қауіпсіздік мәселесін көтеріп отыр. Шегер шығынымыз шаш етектен. Түсер табысы да қомақты. Қалай десек те, әлемнің әрбір елі өткізуге құмартып жүрген "Эксподан" табарымыз да, аларымыз да мол болмақ.
Жұматай Кәкімжанов