Інісін пышақтап өлтірді
Оқиға ағымдағы жылдың қаңтар айында болды. Валерий Тунгусов жұбайынан арақ беруді талап етеді. Бірақ әйелі оған ащы суды ұсынбайды. Осының салдарынан екеуінің арасында кикілжің туған. Тунгусов өзін тыңдамаған әйелді қорқытпақ ойда ас үйден пышақ алып шығады. Дәл сол сәтте айыпталушының үйіне інісі келіп қалып, жанжалдың үстенен түседі. Ағасының жеңгесіне пышақпен қоқанлоқы көрсетіп тұрғанын көрген ол екеуінің ортасына түсіп, арашаламақ болады.
Ашуға берілген сотталушы інісін отбасылық ұрысқа араласпауды сұрайды. Бірақ жеңгесінің жанашыры оған құлақ аспай суық қару ұстаған қолына шап береді. Ағайындылар арасында төбелес басталып кеткен. Айыпталушының інісі кикілжіңді тоқтатып, пышақты алып қоймақ болады.
Бірақ Тунгусов інісінің дене күшінің басым екендігін аңғарып, оның қарнына бар күшімен пышақ тығады. Араша түсуші сол жерде көз жұмған.
Сот үкімімен Валерий Тунгусов 8 жылға бас бостандығынан айрылды. Жазасын қатаң түрдегі колонияда өтейтін болады.
Махаббат Бекбай