Қырдан аққан қар суы заречныйлықтарды әбігерге салуда
Қостанай ауданындағы Заречный ауылының солтүстік шағын ауданы осыдан үш жыл бұрын бой көтерген болатын. Бірақ, бұл елді-мекен әлі күнге дейін өркениеттің ауылынан алыста қалғандай күй кешуде. Жарық жеткенмен, көп үйге су, газ тартылып, көшелеріне жол төселмеген. Соның ішінде тұрғындар жолдың азабын қатты тартып отыр. Әсіресе, ауылдың орталық бөлігін байланыстыратын жалғыз жолды қыста қар, көктемде су басып тұрғындардың зықысын шығаратын көрінеді. Жолдың машақатынан бұл ауылға такси де, жедел-жәрдем де қатынай алмайды…
Биыл да қырдан аққан қар суы ауыл тұрғындарын әбігерге салуда. Ағын судың қарқыны ауыл арасындағы жолдарды шайып кеткен. Соның салдарынан ауылдағы жиырмадан астам тұрғын үй қызыл судың құрсауында қалып отыр. Абырой болғанда, төтенше жағдайдан ешкім зардап шеккен жоқ. Әйтсе де, судың қатты ағынынан шағын ауданға барар жалғыз жол жарамсыз болып қалған. Амалы таусылған елді-мекен тұрғындары үш-төрт күннен бері көліктерін жол бойына қалдырып, уақытша көпірмен қатынауға мәжбүр. Ал, айдалада қалған көліктерді бәрі кезекпен күзетуде.
-Қырдан аққан қар суы ауыл арасындағы жолдарды шайып, тұрғындарды әбігерге салуда. Жыл да солай, қыр жақтан құлдырап аққан қар суы ауылдың солтүстік шағын ауданындағы үйлердің бел ортасын басып өтіп, Тобыл өзеніне құяды. Сондықтан күн жылына бастағанда біз де тасқынға төтеп берудің қамын ойлай бастаймыз. Әйтеуір биыл әкімдіктегілер уақытша көпір жасап, аз да болса жағдайымызды жеңілдетіп бергендей болды. Дегенмен, судың ағыны қатты, мына жасанды көпірден балалар өтеді, соған алаңдаймыз, – дейді ауыл тұрғыны Рәзия Рахимова.
Ауыл тұрғыны Абзал да өз күшімен баспанасын қорғап қалудың қамымен жүр екен. Шағын бөгеттер жасап, судың бағытын бұруға тырысуда. Оның айтуынша, қыста да, көктемде де қарды ешкім тазаламайды, тұрғындар өз күшімен әрекет етуге мәжбүр. Ең қиыны, бұл жерге такси де, жедел-жәрдем де келе алмайтын көрінеді.
-Өткенде көршілердің біреуі жедел-жәрдем шақыртты. Бірақ, ми батпақтың кесірінен көлік өте алмады, дәрігерлер жаяу-жалпылап келуге мәжбүр болды. Бұл масқара ғой, қашанғы ауыл тұрғындары азап шеге беруі тиіс. Қыста осы маңда бір үй өртеніп кетті, бетін аулақ қылсын қазір де сондай төтенше жағдай орын алса не болмақ, – дейді ауыл тұрғыны Абзал Арықов.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, қазіргі таңда су басқан аймақта кезекшілік топ ұйымдастырылып, судың ағысы қатаң бақылауға алынған көрінеді. Ал, аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Б.Сейдахметовтың айтуынша, бұл ауылдың мәселесі жергілікті билікке де мәлім екен. Сондықтан, олар қолдарынан келгенше жәрдем беруге тырысуда. Кешелі бері жырадан өтуге арналған ағаш өткелдер мен тастардан уақытша шағын көпірлер салынғандықтан, судың ағысы да бәсеңдеген. Сондай-ақ, шенеунік келер жылғы көктемге дейін ауыл шетінде үлкен бөгеттің салынатындығын айтады. Бұл мақсатқа 150 млн. теңге қарастырылған көрінеді. Соның арқасында мәселе түбегейлі шешімін таппақ, яғни еріген қар суы жақын маңдағы көлге құйып, нәтижесінде ауыл көшелерін бұлай су баспайтын болады.
Қарлығаш ОСПАНОВА
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Қостанай ауданы Заречный ауылы
бұл ауылда уй салып алгандардын 90 пайызы казактар гой, бұл бер жагы, ал ар жагындағы үйлерде газ да, су да жоқ, ол жаққа баратын жол да жоқ, қыста омбы қарды кешіп, ал күз-көктемде батпаққа батасың. автобуста журмейді… байғус тұрғындарға обал-ақ…әсіресе мектепте оқитын балаларға…
массаган, мына уйлер сайдын жанына салынғанба сонда, қорқынышты екен