«Жағдай түзеледі»
-Талғат Әкімжанұлы, соңғы жылдары «Тобыл» футболшылары жанкүйерлердің көңілін құлазытып алды. Жерлестеріміз биылғы чемпионатты да сәтсіз басталды. Клуб басшысы ретінде осыған нендей уәж айтасыз?
-Сізге қалай айтсам екен. Футбол бір орында тұрмайды. Жыл сайын дамып жатыр. «Тобыл» 2010 жылы ел чемпионаты атанғаннан кейін, команданың 99%-ы өзгерді. Содан бері жаңа команданың іргесін қайта қалап жатырмыз. Негізгі құрамды сақтауға тырыстық. Бірқатар жаңа ойыншыларды алдық. Олардың бәрі бірін-бірі түсінісуі үшін уақыт керек. Тіпті, естеріңізде болса, «Тобыл» чемпиондық атаққа он жыл уақытын сарп етті. Әр жыл сайын құрамына бір немесе екі ойыншыдан қосып отырды. Сөйтіп, жылдар бойғы ізденіс нәтиже берді. Біздің басты проблемамыз осы. Қазір «Тобыл» сапында кілең мықты футболшылар шоғырланған. Ал енді неге жеңіс жоқ десеңіз, қандайда бір байлам жасауға әлі ертерек сияқты. Бар болғаны төрт-ақ тур өтті. Оның үшеуі сырт алаңда өткенін жақсы білесіз.(Сұқбат 2 сәуірде жазылды-Ә.Ы)
-Команда құрамына өзгерістер енгізу туралы ойластырған жоқсыздар ма?
-Шілде айына дейін трансферттік терезе жабылады. Сондықтан ешқандай өзгеріс болмайды.Уақыты келгенде көрерміз.
-«Тобыл» сапында тәп-тәуір ойнаған Рауль Джалилов бірінші топтағы Теміртаудың «Болат-АМТ» командасына ауысты. Оның алдағы тағдыры туралы не айтасыз?
-Р.Джалиловты біз «Болат-АМТ» командасына шілде айына дейін жалға бердік. Мерзімі біткен соң, көреміз, командаға қайта алуымыз мүмкін. Өкінішке қарай, ол федерация тарапынан қабылданған «Қазақстан футболының түлегі» шешіміне сәйкес келмейді.
-Команданың қосалқы құрамында болашағынан мол үміт күттіретін жас футболшылар бар. Мәселен, Әнуар Ағайсинді негізгі құрамға шақыттыңыздар. Көрдік, жап-жақсы ойнап жүр. Дәл осы тәжірбие оңды көрінді бізге.
-Дұрыс айтасыз. Агайсин Қостанай футболының түлегі. Қосалқы команданың капитаны және өткен жылдың қорытындысы бойынша үздік ойыншы атанды. Ол Қазақстан жастар құрамасында өнер көрсетіп жүр. Басқаша айтқанда әбден пісіп-жетілген ойыншы.«Тобылдың» қосалқы құрамында көзге түсіп жүрген мұндай футболшылар аз емес.
– Жас футболшылар Сіздердің сенімдеріңізді қаншалықты ақтай алып жүр?
– Әрине, бәрін бірдей негізгі құрамға шақырудың ешқандай себебін көріп тұрған жоқпын. Алайда, жыл сайын бір, екі футболшыны алып ойнатып көреміз. Сенім үдесінен шығуға тиіс. Өйткені, мұны өз тәжірбиемізден көріп жүрміз. Ал бес-алты жылдан кейін «Тобыл» командасында бір Ағайсин емес, сондай бес-алты ойыншы негізгі құрамда өнер көрсетеді.
– Жақында орталық сайттардың бірінде «Тобылға» бас бапкерлікке ресейлік маман шақыртылды деген әңгімені көзіміз шалып қалды. Қаншалықты рас?
-Бұл енді бар болғаны өсек-аяң ғана. Вардан Минасян әлі қостанайлықтардың сенімін ақтайды деген сенімдеміз.Оны ешкім орнынан алайын деп жатқан жоқ һәм бапкер ауыстыратындай аса бір мұқтаждықты тағы көріп тұрған жоқпыз.
-Биыл команда алдындағы тұрған міндет қандай?
– Ол бәріңізге белгілі, турнир кестесіндегі алғашқы алтылықтан орын алу. Одан арғысын уақыт көрсетеді. «Тобыл» қашанда алдына биік мақсаттар қоя білетін команда. Сол жауапкершілік әлі күн тәртібінен түскен емес.
-Рахмет әңгімеңізге!
Сұқбаттасқан Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ
Тәке сізге кету керек! Халимжан Ержановты алу керек бұл орнына!
Талғат жақсы футболшы болғанмен басқару жағына келгенде қабілет-қарымы төмен. Сондықтан өзгеріс қажет сияқты…