Эбола белгісі табылмады
Алматы әуежайында қатерлі дерт жұқтыруы мүмкін деген күдікпен ауруханаға жатқызылған шетелдік адамның ағзасынан Эбола безгегі вирусының белгісі табылмады.
Қазақтың карантиндік және зоонозды жұқпалар ғылыми орталығы жүргізген лабораториялық зерттеулер нәтижесі негізінде науқасқа қазір «тыныс органдары арқылы жұғып асқынған ринофарингит» деген диагноз қойылған.
Лисаков қаласына қонаққа келген 37 жастағы Ресей азаматы Сергей Барышников 15 наурыз күні таңертең Алматы әуежайынан ауруханаға жеткізілді. Наурыздың 9-ы мен 14-і аралығында Гвинеяда іссапарда болған ол Алматыға Стамбул арқылы жеткен. Науқас соңғы үш күн бойы дене қызуы көтеріліп, іші өткені туралы шағымданған.