Наурыз қандай ай?
Бұл айда күн жылынып, малдар төлдей бастайды. Наурыздың соңғы айында өкпек жел соғып, қар күрт еріп, жер лайсаң болып, жолдар бұзылады. Мұны ел «аласапыран» болмаса «бес қонақ» дейді.
Наурыз айында атан түйені жығар қара суығы, көктемнің қар ерітер «алтын күрек» өкпек желі соғады.
Құс қанаты – наурыз айының соңында қар мен жаңбыр араласып жауатын кезең. Борандатып жел тұрып, лег-легімен алыстан ұшып келе жатқан мыңдаған құстың сусылы секілді болғандықтан атам қазақ осылай атаса керек.
Қар еріп, жер қарая бастаған шақты «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» деп те жатады. Таңғы салқынмен жер мүйіздей қатып жатса, күн көтеріле киіздей езіліп шыға келеді.
Осы айда әдемі қиыршық қар түседі, оны наурызша дейді.
«Бес қонақ» оңтүстік өңірлерде наурыз айының аяғында келсе, бізге сәуірде жетеді. Бұл атауға қатысты да талас та бар. Бірі бес күн салқын болады десе, екіншілері бес адам осы салқында жолға шығып, адасып кеткен екен деседі. Атауы дау тудырса да суығы дау тудырмайтын «бес қонақ өтпей» қыс кетті деу қиын.
«Бесқонақ» – туралы бірер сөз
«Бесқонақ» – байырғы қазақ күнтізбесінде қолданылып келген, жыл айларынан тыс алынатын бес күн. Нақты астрономиялық жылдың ұзақтығы бүтін күн санымен өрнектелмейді. Ол жуық түрде 365,24 тәулік (яғни 365 күн 6 сағат) деп есептеледі. Тәуліктің ширегін жыл сайын күнтізбеге енгізіп отыру қолайсыз. Сондықтан қазіргі қолданылып жүрген Григорян күнтізбесінде бұл ширектерден 4 жылда 1 күн құралатындығы ескеріліп, әрбір 4 жылдың алдыңғы үшеуі 365 күннен, төртіншісі 366 күн болып алынған. Ал әрқайсысы 30 күндік 12 айдан тұратын қазақ күнтізбесінде 360 күн болды. Жыл толық болу үшін оған 5 (кібісе жылдары 6) күн қосу керек. Аптаға толмайтын осы 5 күнді қазақ халқы «Бесқонақ» деп атаған. Айлардан тыс алынатын мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, б.з.б. 4-мыңжылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен (Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида) атаған. Ежелгі парсы күнтізбесінде қосалқы 5 күн «фәнджи» немесе «андаргах» («ұрланып кіретін» не «кетікті толтыратын») деп аталған. Фәнджи парсылардың 8- және 9-айының аралығына қойылған. Ежелгі соғда мен Хорезм күнтізбелерінде де қосалқы күндер болған. Байырғы қазақ күнтізбесінде «Бесқонақ» үнемі жыл аяғына қосылып отырған.
Қазіргі күнтізбе бойынша «Бесқонақ» жыл сайын 17 наурыздан (кібісе жылдары 16 наурыздан) 21 наурызға дейінгі аралыққа келіп отырады.
Жиған-терген Г.САҒИТОВА.