Наурыз қандай ай?

 Жыл он екі айдың бірі – наурыз айы. Шығыс күнтізбесі бо­йынша наурыз айы –жыл басы болса, маусымға бөлсек – көктем айы болмақ. Көне жұлдыздық есепте  оны «үт» деген екен.  Қазақ атамыз «Үт кірді, үсік шықты» деп  наурызда ауа-райының жылынатынына қуанған.наурыз 1
 Халқымыз «Наурыздың он бесі құдайдікі, он бесі кедейдікі» дейді. Неге десеңіз, наурыздың алғашқы жартысында  ауа  райы аумалы-төкпелі, қалған екінші жартысында күн жылынып, қыс­тан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болатынын білдіреді.
Наурыздың 22-де,  яғни «Ұлыстың Ұлы күнінде» күн мен түн теңеседі.
Көктемгi «өлiара» өтiп, наурыз мерекесі жақындасымен, жұрт үй айналасын тазартып, үй-iшiн қағып-сiлкиді.  Әрбір отбасы Наурыз көже жасауға дайындалады.  Қазанға қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерi салынады. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс.
Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық – киелі сандар. Сол себепті наурыз аса қасиетті тағам болып саналады. Ол – тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы.
Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан атам қазақ «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те атайды. Яғни бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.
 Наурыз айында күннің ұзаруы – «Ұзын сары» деп аталады. Сол секілді қазақ атамыз осы мезгілді көкөзек шақ деп те атаған-ды. Әже-апаларымыз жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер тұсы осы мезгіл болғандықтан дәмді, қуатты тағамдарды әдейі сақтап отырған.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓