“ЭКОНОМИКА” – салалық жалғыз басылым
"Баспасөзі мықты елдің – келешегі зор" деп өткен ғасырдың басында Алаш арысы Міржақып Дулатов атамыз бекер айтпаған шығар. "Кім ақпаратқа ие болса – сол әлемді билейді" деген де түсінік бар. Қазақстанда халықтың экономикалық ой-түсінігі мен білім-білігінің дамуына қызмет ететін қазақ тіліндегі арнайы басылымдар сирек. Тіршіліктің өзі негізінен экономикалық іс-қимыл, әрекеттердің есебінен қамтамасыз еті-летін болғанымен, біздің қоғамда көбінесе әлеуметтік-мәдени тақырыптарды көтеру жағы басым.
"Экономика" газеті 2006 жылдың желтоқсан айынан бастап Қазақстандағы тұңғыш апталық экономикалық басылым ретінде қазақ және орыс тілінде жарық көріп келеді. Ол басқа да қажеттіліктермен бірге негізінен қазақ тілді оқырмандардың экономикалық сипаттағы ақпараттарға деген сұранысын қанағаттандыруға бағытталған. Еліміздің ақпарат кеңістігінде бұл тұс іс жүзінде осы күнге дейін бос тұрған еді. Сол себепті де газет уақыттың өзі қойған талапқа сай жарық көрді.
"Экономика" газеті "Қазақ газеттері" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамында дү-ниеге келді. Осы күнге дейін газет бетінде Үкімет мүшелері, облыс, аудан әкімдері, ірі кәсіпорындардың, оқу орындарының басшыларымен сұхбаттар, елімізді индустриалды-инновациялық дамыту мәселелеріне арналған көлемді мақалалар, отандық экономиканың дамуына өзіндік үлес қосқан азаматтар жайында көркем очерктер жарияланды. Келешекте көлемі бұдан да үлкеюі әбден мүмкін. Өйткені қазіргі нарықтық экономика жағдайында қоғамда жаңа кәсіпкерлік психология, экономикаға деген өзгеше көзқарас пен қызығушылық пайда болып келе жатыр. Қарапайым қатардағы кәсіпкерден бастап ірі бизнес өкілдерінде күнделікті экономикалық жаңалықтар мен ақпараттарға деген қажеттілік пен сұраныс өсіп келеді. Олар өздерінің экономикалық түсінік-терін кеңейтіп, білімдерін нығайта түсуге мүдделі. Себебі, на-рықтық жағдайды естіп, біліп үйрену және өз қажетіне жарату қажеттілігі кәсіпкерлерден осыны талап етеді. Бір қиындығы – біздің осы күнге дейінгі бүкіл экономикалық ой-пікір-леріміз, түсініктеріміз кешегі кездегі кеңестік білім жүйесі арқылы санамызға сіңді. Соған байланысты экономикалық мәселелерді қазақ тілінде жазып жет-кізетін тілшілер мен авторлар қауымы да аз. Тәуелсіздік шарапатымен елімізде ана тіліміз-ге деген қызығушылық артып, алыс-жақын шетелдерден ата-жұртқа бір миллионнан аса қандастарымыз көшіп-қоныстанғанын, олардың басым көпшілігі кәсіпкерлік саласында екенін ескерсек, төл тілімізде шығатын экономикалық басылымға деген сұраныс пен қажеттілік жеткілікті екенін сеземіз.
"Экономика" газетінің негізгі мақсаты – еліміз аймағында болып жатқан экономикалық жаңалықтарды қазақ тілінде қарапайым да ұғынықты тілмен жеткізу, отандық экономиканың сан-саласы – ауыл шаруашылығы, құрылыс, өнеркәсіп, қаржы саласы, тұрғын үй және т.б., секторлардағы ұнамды өзгерістер мен түйткілді мәселелер жайында мамандардың, сарапшы ғалымдардың пікірлерін жалпы жұртшылыққа жеткізіп, оларды қажетті ақпаратпен қамтамасыз етуге, сол арқылы халықтың экономикалық ой-түсінігінің өсуіне қызмет ету. Осы мақсатта газет редакциясы жанынан құрамына белгілі экономист-ғалымдар, қаржыгерлер, заңгерлер кіретін ақылдастар алқасы ұйымдастырылды. Олардың қатарында Ләзизә Айтбаева, Ұзақбай Айтжанов, Мұхаммед Акдиш, Серік Ақанов, Рахман Алшанов, Айтқали Нұрсейіт, Тілектес Есполов, Оразалы Сәбден, Әбдісағит Тәтіғұлов сынды белгілі кәсіпкерлер, экономист ғалымдар бар.
Күн өткен сайын қалыптасып, қазақ тіліндегі экономикалық басылым ретінде еліміздің ақпарат кеңістігінен өз орнын табуға ұмтылып келе жатқан "Экономика" газетіне келешекте оның қоғамдық-мемлекеттік маңызын ескере отырып, еліміздің әкімшілік-саяси және кәсіп-керлік ортасында қолдау күшейеді деген сенім мол.
Ақас ТАЖУТОВ,
"Экономика" газетінің бас редакторы.