Өлген баласына жәрдемақы алған
Қарасу ауданында шетінеп кеткен нәрестесі үшін бала күтімі бойынша жәрдемақы алған әйелдің ісі әшкере болды.
Қарасу аудандық прокуратурасының тексерісі барысында бұл қылмыстың беті ашылды. Аудан тұрғындарының бірі бала күтіміне және отбасы асырушысынан айрылуы бойынша төленетін жәрдемақыны алып отырған.
Тексеру барысында анықталғандай, Н.Денисова бөбегі қайтыс болғаннан кейін зейнетақы төлеу мемлекеттік орталығына жолығып, бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеуге өтініш жазған. Құзырлы мекеме өтінішті қарап, қолдау білдіреді. Өзін оңай олжанын көзін тапқандай сезінген азаматша одан кейін асыраушысынан айрылып, кәмілетке толмаған үш бала жалғыз өзіне қарап қалғанын желеу етіп, тағы да әлеуметтік көмекке сұраныс білдіреді. Онысы да ескерусіз қалмай, жәрдемақы төлене бастаған.
Осылайша алаяқ айел мемлекеттен көлденең ақша алып қарық болған. Бұл дерек бойынша аудан прокуратурасы қылмыстық іс қозғап, сотта қаралды. Сот өкімімен Н.Денисова айыпты деп танылып, 1 жылға бостандығын шектеу жазасына кесілді.
Махаббат Бекбай