Бейқамдықтың салдары
Облыс аумағында жыл басынан бері автомобильдерден ұрлық жасаудың 355 жағдайы тіркелді.
Соңғы жылдары тұрғындардың иелігіндегі көлік құралдары айтарлықтай көбейді. Көлік иелерінің басым бөлігінде гараж жоқ, ақылы автотұрақтың қызметін пайдалануға көп қаржы кететіні белгілі. Сол себепті жұрттың көбі автомобильдерін аулаларда, үйлерінің жанында қараусыз қалдырады.
Статистика көрсеткеніндей, автомобиль иелерінің бейқамдығының салдарынан ұрлық жиі болады. Кей-біреулер түнде машинаның ішінде сөмкелерін, басқа да бағалы заттарын көрсетіп, қалдырып кетеді. ОІІД криминалдық полиция басқармасының аға өкілі Ринат Қабылбековтің айтуынша ұрлықтың басым бөлігін бұрын сотталғандар және жұмыссыздар жасайды. Мысалы, 22 ақпан күні Қостанайда Бородин көшесіндегі бір үйдің ауласында тұрған "Хонда Аккорд" маркілі автомобильдің терезе шынысын сындырған ұры көлік иесінің құжаттарын, магнитофонын, автопанелін алып кеткен. Шығын мөлшері 30 мың теңгедей. Оқиға болған жерге келіп жеткен полицейлер жедел қимылдап, куәларды сұрастырып, күдіктіні ұстады. 18 жастағы жұмыссыз жігіт ұрлаған заттарын өткізіп те үлгіріпті.
Полицейлер көлік иелерін сақтыққа шақырады. Көлікті дабыл беру жүйесімен қамтамасыз еткен жөн. Ал ұрлық жасалған жағдайда уақыт өткізбей жедел полицияға хабарлау керек.