Еңбегі еленген
"Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы" деген сөз тегіннен-тегін айтылмаса керек. Ата-анадан кейінгі балаға білім беріп, тәрбие үйрететін сол ұстаз. Ел игілігі үшін еңбекпен етене араласып, жарқын болашаққа қарымды қадам жасаған ұлағатты ұстаздың өмірі қиындық пен қуа-нышқа толы. "Мұғалім – мамандық, ұстаздық – қасиет. Яғни ұстаз болу – адам бойындағы ұлы қасиеттердің бірі", – дейді халқымыз. Ендеше, ұстаздық қасиетке барынша адалдық танытып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнаған ұстаздарға қандай мақтау, мадақ айтсақ та артықтық етпесе керек. Солардың бірі Меңдіқара ауданына қарасты Төлеңгіт орта мектебінің мұғалімі Раушан Андрейқызы Төлекова хақында болмақ.
Иә, 30 жыл ғұмырын жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз Р.Төлекова өз кәсібінде толағай табыстарға жетті. Бүгінгі әңгімемді өнегелі ұстаздың өмір жолынан бастауды жөн санадым. Ол Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келді. Бала кезінен өзінің ұстаздары тәрізді мұғалім болуды арман етіп, орта мектепті аяқтаған соң, Рудный педагогикалық институтына түседі. 1985 жылы Төлеңгіт орта мектебінде алғаш-қы ұстаздық жолын бастайды.
Бұл мектеп өзінің мықты ұжымымен ауданға танымал болатын. Мұнда бала тәрбиелеуде алдына жан салмайтын нағыз ұстаздар еңбек етті. Жас маман ұлағатты жандардың ортасына түсті. Және де жас жеткіншектердің тұла бойына адамгершілік дәнін сеуіп, қоғамға өз пайдасын тигізетін белсенді азамат етіп қалыптастыруды басты мақсат етіп қойды.
"Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға", – деген данышпан Абай атамыздың осынау ғибратты сөзін өмір қағидасына айналдырып, ауылдың қаракөз балаларына тәлім беріп, тынымсыз еңбек етіп келеді. "Шәкірт-тердің жүрегіне жол таба білген, ұйымдастыру қабілеті, ұстаздық шеберлігі, білімі, қысқасы өн бойында ұстазға тән қадір-қасие-ті басым ұстаз талай оқушыны қанаттандырды. Бүгінде олар еліміздің түкпір-түкпірінде абыройлы қызмет етіп жүр. Талаптанған жанның қашан да шығар тауы биік. "Талаптыға нұр жауар" деген халқымызда. Талап пен еңбектің арқасында бүгінгі күнде ұлағатты ұстаз Раушан апайымыз абырой-беделдің шыңынан көрініп, ауылда да үлкен сый-құрметке ие. Жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беру жолында көптеген еңбектері үшін бірнеше рет облыстық, қалалық білім беру мекемелері басшыларының, әкімшіліктің алғыс хаттарын алды. Қазіргі таңда ұлағатты ұстаз өмірлік жолдасы Батыр ағамыз екеуі 2 перзент тәрбиелеп, 3 немере сүйіп отыр.
Дулат Жексенбайұлы.
Меңдіқара ауданы.