Берешек белден асады
Қостанай облысындағы сегіз мекеменің өз жұмысшылары алдындағы қарызы 44 ,4 млн. теңгені құрап отыр. Бүгінге дейін 537 адам өздерінің ақ адал еңбекақыларын ала алмай отырған көрінеді. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаевтың қатысуымен өткен алқалы жиында облыстық еңбек инспекциясы басқармасының басшысы М.Моргунов мәлім етті.
Ведомство басшысының айтуынша, жұмысшылардың жалақысын төлеуді кешіктіріп отырғандардың арасында Қостанай қаласы бойынша “Жилсервис” жеке пәтер иелері кооперативі, Қарабалық ауданындағы “Комсомол” және Қостанай ауданындағы “Север-птица құс фабрикалары бар. Соның ішінде, “Север-птица” фабрикасы 266 жұмысшысына 27,2 млн. теңге қарыз көрінеді. Бүгінгі таңда аталған фабрика жұмысшылар алдындағы берешектің тек 6,7 млн. теңгесін ғана өтеген.
Сондай-ақ, дағдарысқа байланысты рудныйдағы “Казогнепур” зауыты, “Трансавто” ЖШС мен Қостанай қаласындағы “Қазпошта”, “Транскомпания” мекемелері біраз жұмысшыларын қысқартып үлгерген. Облыс әкімінің орынбасары М.Дәрібаев ведомство басшысына өңірдегі барлық мекемелердің өз жұмысшыларына еңбекақыны уақытылы төлеуін қадағалап отыруды, ал жұмыстан қысқартылған жандарға қолдан келгенше жәрдемдесу керектігін қадап тапсырды.
Қарлығаш ОСПАНОВА