Ренжіскенде
Санаңның жеткізсең де жат ақпарын,
Сезем ғой жүреріңді сағынып кіл
Дәл осы тұрғаныңда, тәкәппарым,
Көздерің жүрегіңе бағынып тұр.
Келгенім ұнайды екен – көзің айтты,
Бақытың сыңайлы екем – көзің айтты.
Сүйіпсің құлай, көкем – көзің айтты,
Жүрегің жылайды екен – көзің айтты.
Сөздерің көз айтқаннан неге бөтен?
Көз айтты – тағы құшқың келеді екен,
Мен жаққа алып ұшқың келеді екен,
Көз айтты – бәріне өкпең себеп екен.
Жаныңа мен керегің көз айтып тұр,
Келеді еркелегің – көз айтып тұр.
Тәтті сыр шертер едің…
Тағат құрып өзегің өртегенің көз айтып тұр.
Дертің бар. Кім емдейді? – көз айтып тұр,
Өзге ем тіленбейді – көз айтып тұр.
Қолыңды бір-ақ сілтеп, кешірер ең,
Намысың жібермейді – көз айтып тұр.
Көрмепсің күлкі мүлдем – көз айтады,
Кетпепті жыр тіліңнен – көз айтады.
…Әнекей!
Кірпігіңнен жас үзілді!
Үндеме… моншақтардың өзі айтады.