Ахаң жүріп өткен жолмен…
Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына орай ғылыми-танымдық экспедиция жолға шықпақ. Бұл туралы ӨКҚ алаңында өткен брифингте айтылды.

«Жобаның шығармашылық құрамына ахматтанушылар, өлкетанушылар, тарихшылар, журналистер, сондай-ақ музей және архив ісі саласындағы мамандар кіріп отыр. Іс-шараның қорытындысы бойынша Ахмет Байтұрсынұлының өмірі туралы жаңа деректерден құралған фильм шығару көзделген. Сонымен қатар, архив, музей қорлары анықталған жаңа құжаттармен толығады», – деді облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Гүлжан Меңдекинова.
Спикер тұлғаның туған өңірінде жасалып жатқан басқа да жұмыстар жөнінде баян етті. Оның айтуынша, қазір Жанкелдин ауданында Ахмет ауылына баратын жолды қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл оның 44 шақырымы және Торғай өзені арқылы өтетін көпірді жөндеу жоспарланған. 2,7 млрд теңге бөлініп, жұмыс басталып кетті. Аталған елді мекенде медпункт те салынады.
Экспедиция мүшелері сапарға 5 маусым күні шығатыны мәлім болды.
«Мен Ахаңды зерттеу мен 1989 жылдан бері тұрақты айналысып келемін. Ахаңның табаны тиген жерлерге бұрын да барғанмын. Бірақ ол сапарымда деректерді жинақтамаған едім. Ендігі экспедиция олжалы болады деген сенімдемін», – деді ахметтанушы Ибраһим Ағытай.
Ахмет Байтұрсынұлының болмысы қайраткер немесе ағартушы деген сияқты ұғымдарға сыймайды, оны сан қырлы кемеңгер деуге болады. Мұндай ойды қаламгер Абылай Мауданов айтты.
«Менің міндетім – осы сапар жайында фильм жасап шығару. Қазақтың қайраткер тұлғалары туралы түрлі еңбектер шығып жатыр. Бірақ Ахаңа қатысты мұндай жүйелі жұмыс бұрын-соңды болмаған екен. Сондықтан, осыған назар аударып, қолдау білдірген азаматтарға осы елдің перзенті ретінде алғысымды білдіремін», – дейді экспедиция мүшесі Абылай Мауданов.