Торғайдан ескен бір самал
Журналист Ахметхан Байжан туралы сыр
Ахметхан Балмағанбетұлы Байжан Ақмола облысының Жарқайың ауданына қарасты Күркетал ауылында дүниеге келген.
Еңбек жолын Державин аудандық "Социалистическое строительство" газетінде тілшіліктен бастап, 1964 жылы Державин аудандық бірлескен баспаханасының директоры болды.
Одан соңғы еңбек жолы журналистік қызметпен тығыз байланыста болып, 47 жыл ғұмырын арнаған Арқалық қаласында тұңғыш негізін қалаған "Торғай" газетінің бас редакторы, "Торғай-Пресс" ЖШС-нің директоры ретінде ұйымдастырушылық әрі шығармашылық қызметті ақтық демі үзілгенше атқарып келді.
1966 жылы Ахметхан Байжан Қостанай облыс-тық "Коммунизм таңы" (бүгінгі "Қостанай таңы") газетінің арнаулы тілшісі, одан Арқалық аймағындағы меншікті тілшісі, осы облыстық газеттің жауапты хатшысы болды.
1968 жылы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика бөлімін үздік бітіріп, Орталық Комитеттің арнайы жолдамасымен Алматыдағы Қазақ Совет энциклопедиясына қызметке жіберіледі. Алайда, кәрі ата-анасының жағдайымен өзінің Қостанайына қайтып келіп, облыстық газетте, кейінірек жаңа ашылып жатқан Торғай облыстық "Торғай таңы" газетіне жауапты хатшы қызметіне жіберілді.
Ұзақ жылдар облыстық газеттің жауапты бөлімдерін басқарып, облыстық "Торғай таңы" газеті бас редакторының бірінші орынбасары міндеттерін атқарып жүрген А. Байжан облыстың соңғы таратылуына байланысты 1997 жылы қала әкімдігінің өтінішімен Арқалық қаласында қалып, әрі "Торғайдың атын өшірмейміз" деген ниетпен "Торғай" деп ат қойып, "Торғай" газетін ашып, жас журналистерді жанына топтастырып елге қызметін жалғастырды.
Ахметхан Байжан адами тұрғыда да, шығармашылық қызметімен де елге сыйлы Алаш ұлдарының бірі болды. Өйткені, оның көптеген шығармалары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Бектауыл Баубек, Аманкелді Иманов, Кейкі батырларына, ел ішіндегі данагөй Қарсақбай Қопабайұлы секілді ақындарына арналған.
1975 жылы "Өрлеу" ("Жазушы"), 1985 жылы "Ерлік даңқы еңбекте" ("Қайнар") ұжымдық жинақтарында әңгімелері, очерктері жарияланған.
"Құлан Кейкі батыр" (1992 ж.), "Өскен өркен" (1993 ж.), "Жалғызтал" (1994 ж.) "Бектауыл Баубек батыр" (1995 ж.) кітаптарының авторы.
Елінің жанашыры бола білген ол Торғай облысы алғашқы тараған жылдары құрылған бастамашыл топтың басшысы ретінде аймақтың одан арғы тағдырына қатысты топ құрып, осы мәселе бойынша Жоғарғы Кеңес Төрағасының қабылдауында болды. Азаматтық көзқарасы еліне осындай қамқорлығы мен қайраттылығынан да танылды.
А. Байжанның журналистік шеберлігі мен қаламының ұшқырлығы талай еңбек адамдарының мәртебесін көтеріп, елге қатысты күрделі мәселелерді шешуге септігін тигізді. Шақшақ Жәнібек, Кенесары хан, Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Аманкелді батыр, Құлан Кейкі батыр, Бекбауыл батыр, Төлек Жәуке, басқа да тарихта есімдері қалған тұлғалар жайлы бірнеше кітаптары жарық көрді.
Ахметхан Байжан дербестік үшін Қазақ елінің туын желбіреткен революционер-күрескерлер Кейкі және Баубек жайлы деректі еңбектер жазып, кешегі кеңес заманында атын атауға болмайтын, елі үшін жан берген Алаш ұлдарының есімдерін халқымен қайтадан қауыштырды. Бұл да бір ерлік емес пе?!
Ахаңның республикалық "Егемен Қазақстан" газетінде жарық көрген "Фаризаның ақ орамалы", "Министр және біз" деген көлемді әрі салиқалы мақалалары көңілі соқырдың көзін ашып, саңырауды тебірентетін еңбектер. Елді бірлікке және тірлікке шақыратын аталы сөздер айтылды. Ахаңның қайбір мақалаларын оқысаң да оқырман жүрегіне жол табатын және әрбір оқушыға ой салатын ұлағатты әрі мейірімге толы сөз саптасы қазақ классиктерінен ешбір кем емес.
Өкінішке орай, А. Байжанның соңғы екі- "Кенесары хан мен Баубек батыр. Аманкелді Иманов пен Кейкі батыр" және "Жаңғыру" ("Ахаң біздің осындай…") кітаптары толықтырылып, 2011 жылы өзі өмірден озғанда жарық көрді.
Ұзақ жылғы қажырлы да шығармашыл еңбегі үшін А. Байжан екі рет "Ерен еңбегі үшін", "Тың игергені үшін", "Үздік еңбегі үшін", "Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Еңбек ардагері" медальдарымен, сансыз көп республикалық, облыстық және қалалық деңгейдегі Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қостанай облыстық "Лучшие люди" энциклопедиясына есімі жазылған.
"Ерлігіне қарай дабылы" дегендей, журналист-жазушы, қалалық "Торғай" газетінің негізін қалаушы, "Торғай-Пресс" ЖШС-нің директоры қызметтерін атқарған, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Арқалық қаласының құрметті азаматы атанған Байжан Ахметхан Балмағанбетұлының еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, әрі "Торғай" газетінің он бес жылдығына орай, 2013 жылдың журналистер күніне орай есімін мәңгілік ел жадында қалдыру мақсатында 1988 жылдан 2010 жылдың 9 желтоқсанына дейін өзі тұрған Арқалық қаласындағы Абай даңғылы бойындағы 82-ші үйдің сыртқы қабырғасына қара мәрмәр тастан ескерткіш тақта қойылды.
Ұлағатты отбасында артында жары Кәкен апай қалды. Екі ұл, екі қыз және он шақты немере мен екі шөберінің сүйікті атасы атанған оның өмірін салауатты ұрпақтары жалғастыруда.
Ахаңмен қызметтес, сыйлас-сырлас болған күндеріміз біздің есімізде. Оның туғанына 75 жыл толу қарсаңында сол бір қайталанбас шаққа қайта оралғандаймын…
Майра ШӨКЕН,
Қазақстанның құрметті журналисі.
Қоңыр әуен қобызы еді…
Мен Ахаңа еркелеп те, ертелеп те, ентелеп те, құрмет тұтып серке деп те баратын едім. Барған сайын, әндетіп берген сәлемімді мәнді етіп алған сайын мені желкелемей, мына келісің ерте демей жүзінен әрдайым жылы шырай, тілінен борай төгілген лебізімен бауырына орай тартатын, менің сонда бағым артып жүре беруші еді. Ахаң екеуіміздің аздаған жас айырмамыз болса да, менен бұрын қаламгерлік тұғырына қонса да әрі сырлас, әрі сыйлас, әрі құрдас, әрі қимас адамымдай шығармашылық қадамыма баға беріп, көңіліме жаға беруші еді.
Қайран, Ахаң..! Мен кабинетіне кірген сайын ұзақ жібермей, сырбаз қалпымен, бекзат мінезімен тұзақтап, барынша баурап, көңілімді аулап, орынтағында сәл қырындай отырып, шырындай сөздерімен оймақтай ойдан орнықты әңгіме туындатып, келіскен кепті дуылдатып, шуылдатып жіберетінін қалай ұмытарсың.
Қайраң, Ахаң..! Әруақ қонып, нар шөккен Торғайда 45 жыл тұрып, көне Торғайдың талайлы тағдырын біреу-лер ойланбастан шорт кескенде, кейбіреудің көкейін жайлы орын тескенде, басқа жақты отан деп қопаңдап қопарыла көшкенде, сізге де Астанадан жіліктің майлы басындай қызметтің самалы ескенде – көшпей Торғайда қалдыңыз, сол үшін халықтан алғыс алдыңыз. Бұл дерлік – ерлік. Алаң көңіл, алмағайып заман туғанда Торғайдың атының, отының, көңіл-хошының, халқының жалқы рухани тамыздығы болған, ерен еңбегіңізбен өзіңіз ашып, ел бірлігін ойлап кіндігін кескен, іргетасын мәрмәр сөзбен келістіріп қалауыңызша қалаған "Торғай" газетіңіз жарық күнде жабырқаған көңілге аз да болса дәтке қуат болғаны, әрбір торғайлықтың мерейін тасытып, жасыған жандарына жалау болғанын қалай ұмытармыз…
Қайраң, Ахаң..! Торғай қаламгерлерінің ішінде қоңыр әуен – қобызы едің, ортамыздағы қазіргі абызы едің, жүріс-тұрысың мен киген киісің де бөлек еді, кәсіби білігің де ерек еді, ұшқыр қалам сенде еді, жұртқа болсын дейтін пенде едің, саналы ғұмырың шынайы шебер-лікпен өткен соң халқың сені қарымды қайтпас қайраткер деп таныды, шәкірттерің шабыттарын сізге қарап жаныды.
Қайран, Ахаң..! Баспасөздің кез-келген жанрын алалап көрмеген Ахаңның қуатты қаламынан тың туынды балалап жататын, өнер мен мәдениеттің сан тарау саласының жетік білгірі, елу жылдан астам уақыт ақпарат айдынының тазалығына қаламымен сызат түсірмей өткен кесек тұлға ретінде сіз ұмытылмай біздің жадымызда ұзақ сақталасыз. Бұл ендігі – өмір шындығы.
Мен Ахаңмен 1977 жылдың күзінде ҚазМУ-дің журналистика факультетін тәмамдап, арнайы жолдамамен облыс орталығына келген кезде таныстым. Табиғат таңғажайыбы туралы жазылған "Үкі уілі" деген туындымды жүрексіне Ахаңның қолына ұстатқанмын. Алды жылы екен. Жанына жақын отырғызып алып, байыппен оқып шықты. Маған қарап әнтек жымиып алды да: "Мына дүние сәтті шыққан екен. "Теңіздің дәмін тамшысынан білуге болады". Төгілген тілің азды-көпті кемшілікті байқатпай тұр. Осы алған бетіңнен тайма. Барынша іздене түс – деп ақжол тілеп, тырнақалды шығармамды "Торғай таңы" газетінің бетінен орынды аямай, үшінші беттің ортасына ойып тұрып, басқасын жиып қойып беріп, сәт-сапар тілегеніңіз естен шығар ма?! Алғашқы қаламгерлік жолға салып, алдағы бағыт-бағдарымды анықтап, кәсіби шеберлігімді қанықтап бергеніңіз үшін әлі күнге дейін сізді ұстаз тұтып келемін…
Қайран, Ахаң..! Мынау өткінші жалған өмірден өткенінше еш пендені көрмеген күндеп, білмегенді үйреткен біл деп, сара жолды нұсқаған – діл мен дін деп, сосын қазақы қара тіл деп танбай өткен Аха, өзіңіз де ортаңызда алтын діңгек болып дүниеден оздыңыз.
Қайран, Аха..! Аузымен құс тістеген дүлдүл болсаң да мезгілі келгенде алды-артыңа бұрылып қарауға мұрша келтірмейтін сұм, жалған дүние жаны сұлу, кеудесі көсем, көңілі көшелі сізді де мәңгілік құшағына алды деуге сену қиын. Алланың ісіне амал жоқ. Күрмеуі қатты, қайырымсыз дүние кімді ойлаған мұратына жеткізген. Не дейміз, жатқан жеріңіз жайлы, иманды жүзіңіз қабір нұрымен нұрланып, жаныңыз жәнатта болсын, Ұстаз – Асыл Аға!
Тірі болсаң, 75-ке енді ғана келер едің. Еркелеп, алдыңа шоқ гүл ұстап бізде келер едік…
Қанеш ҚАНАФИН,
журналист.
қалай мақала жарйялауға болады
Где можно купить книгу"Бектауыл Баубек батыр"