Азаматтық борыш парыз ба?!
Жігіттің мықтысына, дәлірек айтқанда – төресіне тән атау бар бүгінде. Сарбаз. Сандалып сары ала таңнан сенделіп жүретін кей азаматтардан әлдеқайда жоғары. Өйткені олардың кеудесінде Отан деген ұғым әскерде қалыптасып қалған. Көпшілік арасындағыдай сөз жүзінде емес, әрине. Сарбаз үшін ел, жер, ата-ана, жары мен баласы олардың азаматтық борышының құрамдас бөлігі. Азаматтық борыштың өтеуін өміршең ететіндер де осылар. Әлеуетті әскер – тәуел-сіздік тірегі. Еліміздің берекесі болған тыныштықтың да, жеріміздің қойнауында тұнған ырыс-құттың да қауіпсіздігі – сарбаз жауапкершілігінде. Ал осы жауапкершілікті азаматтық борышым деп білетін патриот тәрбиелеу тек қана қорғаныс саласының ғана емес, барша қоғамның міндеті. "Тәрбие – тал бесіктен" деген атадан қалған сөз бар. Көкірегінде намысы бар, бойында күш-қуаты бар, Отан үшін отқа түсетін ұрпақты қалыптастыратын ең алдымен отбасы. Ата-бабадан мұра болып қалған қазақтың ұлан-байтақ даласын қорғау тәртіп пен тәрбиеге байланысты.
"…Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрлерді бойына сіңіріп өспегеннің көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын. Ал көрдің қолына балта берсең ала салады, найза берсең сұға салады, намыстанбай бұға салады…" – деп, Бауыржан Момышұлы айтқандай, жастарымыз ұсақталып, жасық болып бара жатқан жоқ па?! Қазіргі бейбіт заманда, ата-бабамыз білектің күшімен, найзаның ұшымен қызғыштай қорып, қолымызға аманат етіп тапсырған еліміздің тыныштығын қорғауға кей жастарымыз құлшынбайды. Әскер десе ат-тонын ала қашатындар саны көбейіп барады. Бұған себеп ұлды ұлдай, қызды қыздай тәрбиелей алмай отырған отбасы тәрбиесінің осалдығы ма деп ойлаймын. Көгілдір экраннан түспейтін сарбаздарды ұрып-соғу, ақыр соңында өлімі жайындағы жаңалықтардан кейін үрейіміз ұшады. Бұны көрген ата-ана бауыр еті баласын жанынан алыстатқысы келмесі анық. Дегенмен, бойында қазақтың қаны ойнаған, жүрегінде Отанға деген сүйіспеншілігі бар жігіт қана бұл жауапкершіліктен жалтармайды.
Ботагөз Ілиясова,
ҚМУ 2-курс студенті.