Алар асулар айқын
2015 жылдың 4 ақпаны күні Қ.Әбенов атындағы мәдениет үйінде Аманкелді ауданының әкімі Жансұлтан Тәукенов халыққа есеп беру кездесуін өткізді. Кездесуге аудан активі және жұртшылығымен қатар Қостанай облысы әкімінің орынбасары Мұрат Дәрібаев пен облыстық басқармалар мен аумақтық департамент басшылары қатысты.
Өңір басшысы есепті баяндамасында аудан бойынша 2014 жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Барлық саладағы қол жеткен жетістіктерді саралап көрсетті. Өткен жыл батыр атындағы аудан халқы үшін есте қаларлық жылдардың бірі болды. Аудан бойынша өнеркәсіп өнімінің физикалық индексі 107,7 пайыз болса, инвестиция тартудың физикалық индексі – 145,6 пайызды құраған. Сол сияқты, жыл ішінде 6 миллиард 927 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілген. Атап айтқанда: аудан бойынша 4476,2 тонна ет, 18738 тонна сүт, 7461,5 дана жұмыртқа дайындалған. Ауданның негізгі кәсібі – мал шаруашылығы екені белгілі. Сондықтан болар, төрт түлік малдың өсімі де айтарлықтай болған. Нәтижесінде 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін ірі қара – 24577-ге, қой-ешкі – 61459-ға, жылқы – 11606-ға, құс – 130775-ке жеткен. Ауданда "Сыбаға" бағдарламасы жоғары деңгейде игерілген. Жыл ішінде бағдарламаға қатысқан 6 шаруа қожалығы 182 ірі қара, оның ішінде 10 бұқа сатып алып, тапсырманы 256,3 пайызға орындаған. Өңірде өткен жылдың 1 шілдесінен іске асырыла бастаған "Құлан", "Алтын асық", "Жайылымдарды суландыру" бағдарламалары да табысты орындалуда. Атап айтқанда: "Құлан" бағдарламасы бойынша: "Жұман" шаруа қожалығы – 30 жылқы (23 бие, 7 асыл тұқымды айғыр), "Гаухар" шаруа қожалығы – 28 жылқы (24 бие, 4 асыл тұқымды айғыр) сатып алды. Қазір олар осы малдарды ойдағыдай өсіріп отыр.
Ал "Алтын асық" бағдарламасына қатысқан "Қуатбек" шаруа қожалығы 96 қой, (90 саулық, 6 асыл тұқымды қошқарлар) сатып алды. "Жайылымдарды суландыру" бағдарламасына қатысқан "Жұлдыз-Х" шаруа қожалығы "Құдық салу" жобасы бойынша құжаттарын "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ Қостанай филиалына тапсырып қойған.
Аудан бойынша 2014 жылы Индустрияландыру Картасынан тыс жайылымдық мал шаруашылығын дамытуға бағытталған үш жобаны: "Ұлы Дала", "Әлішер", "Али-3" шаруашылықтары іске асыруда. Аталмыш шаруашылықтар өз қаражаттары есебінен – 450,0 миллион теңге игеріп, 777,6 шаршы метр тұрғын үй, 4236,2 шаршы метр мал қораларын салып алып, пайдаланып отыр. Бұлар мұнымен қатар 2315 мал және 27 бірлік ауыл шаруашылығы техникаларын алған. 92 жұмыс орындарын ашқан.
Былтырғы жылы аудан бойынша бидай егілген 80 000 гектар жердің әр гектарынан 10,4 центнерден алтын дән жиналды. 1500 гектар жерге себілген арпадан 1125 тонна өнім алынды. 3324 гектар жерге егілген майлы дақылдардан 506,6 тонна өнім жиналды. Сол сияқты, 192 гектар жерге картоп, көкөніс және бақша дақылдары егіліп, олардан да мол өнім алынды. Картоптың орташа шығымдылығы – 109,5 центнерден, бақша дақылдары бойынша 150,5 центнерден, көкөніс бойынша 106,7 центнерден оралды.
Аудан әкімі есепті баяндамасында өңірдегі әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, ауыл-селоларды көгалдандыру мен абаттандыру және қоғамдық тәртіп салалары бойынша атқарылған жұмыстарға да жан-жақты тоқталды. Бұл салаларда да қол жеткен жетістіктер аз емес. Атап айтқанда: былтырғы жылы жұмыссыздық деңгейі экономикалық белсенді тұрғындар деңгейінің 0,4 пайы-зын құраған. 51 адам ғана жұмыссыз ретінде тіркеуде тұр. Барлық меншік түріндегі кәсіпорындарда – 291 жаңа жұмыс орындары құрылған. Оларға 159 адам тұрақты жұмысқа орналастырылған. Сол сияқты жұмысқа орналасуға өтініш білдірген мүмкіндігі шектеулі 35 азаматтың – 22-сі тұрақты жұмыс орындарына, 10 азамат – 6 айлық ақылы қоғамдық жұмысқа, 1 азамат – әлеуметтік жұмыс орнына, 2 азамат – жастар тәжірибесіне орналастырылған. Аудан бойынша 148 адамға – 4,5 миллион теңге мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетілген. "Жұмыспен қамту – 2020" бағдарламасының екінші бағыты бойынша 45 миллион теңге игерілген. Яғни Аманкелді, Амантоғай, Байғабыл, Қарасу, Құмкешу, Үрпек, Ақсай, Есір ауылдарының өзін-өзі қамтып отырған 21 азаматына компьютерлік орталық ашу, мал шаруашылығын дамыту және автокөлік жуу станциясын ашу жобалары үшін несие берілген. Аудан бойынша орташа жалақы көлемі – 69337 теңгені құрап отыр.
Өткен жылы Байғабыл ауылдық округінің орталығына "Ақ бұдақ" бағдарламасы негізінде ауыз су құбыры тартылды. Су әр үйдің ішіне кіргізіліп берілді. Қазіргі таңда ауыл халқына су 24 сағат бойы үзіліссіз беріледі. Бұл жоба алдағы уақытта да жүзеге асырыла береді.
Білім беру саласында 552 педагогикалық маман жұмыс атқарады. 21 жалпы білім беретін мектептерде – 2926 оқушы білім алады. 3 балабақшада – 300 бүлдіршін және мектептер жанындағы 21 шағын орталықтарда – 829 бала тәрбиеленеді. Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту көрсеткіші – 96,2 пайызды, оқушыларды ыстық тамақпен қамту – 100 пайызды құрап отыр.
Денсаулық сақтау саласында да бірқатар игі жұмыстар жүргізілуде. Ауданның мәдениет саласы жылма-жыл ілгерілеп келеді. "Өңірді дамыту" бағдарламасы аясында 11,2 миллион теңге қаржыға Қарасу, Байғабыл, Амантоғай ауылындағы мәдениет үйлері ағымдағы жөндеуден өткізілді. Ауданда спортты дамыту саласында да нәтижелі қадамдар бар. 2014 жылы өңірде салауатты өмір салтын қалыптастыру, дене шынықтыру мен спорттың бұқаралығын насихаттау бағытында 125 спорттық іс-шара өткізіліп, оларға жалпы саны 8330 адам қатынасқан. Ауыл спортын дамыту мақсатында 4 спорт әдіскері бірліктері енгізіліп, олар Аманкелді, Амантоғай, Қарасу, Құмкешу ауылдарында жұмыс жасауда.
Аудан әкімі өз баяндамасында 2015 жылы атқарылатын жұмыстар-ға да тоқталды. Соның ішінде аудандағы білім беру ісінің қара шаңырағы Аманкелді орта мектебіне күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Бұл шаруаға республикалық және облыстық бюджеттен 349 миллион теңге бөлінгенін жеткізді. Сол сияқты, басқа да істелінетін шаруаларды нақтылап көрсетті.
Есеп беру жиналысына қатысқан аудан жұртшылығы бұл жаңалықты қуанышпен қарсы алды.
Өңір басшысы есебінің соңында өзіне қойылған сұрақтарға жауап берді.
Түйіндей айтқанда, аманкелділік-тер 2014 жылды жоғары жетістіктермен аяқтады. Торғай аймағы бойынша мол астық жинады және науқанды көпке созбай, дер уақытында аяқтап шықты. Қазіргі таңда аудан халқының ынтымақ-бірлігі дәстүрлі қалыпта. 22 ұлттан тұратын аманкелділіктердің достығы мен сыйластығы биік деңгейде. Өңірде тұратын өзге ұлт өкілдері бәрі де қазақ тілін өз ана тіліндей біледі. Олардың балалары өз жүректерінің қалауымен қазақ мектептерінде оқып, білім алуда. Батыр елі Елбасымыздың "Нұрлы жол – болашаққа бастар жол" атты Жолдауын бірауыздан қолдап, 2015 жылды да табысты аяқтауға жұдырықтай жұмылып отыр.
Баяндаманы талқылауға қатыс-қан Аманкелді селолық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Жанділдаұлы, Жалдама орта мектебінің директоры Қ.Р.Ильясова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Уахитұлы аудан әкімінің есебіне ризалықтарын айтып, оның жұмысына жақсы баға беріп, алдағы уақытта да табысты еңбек етуіне тілектерін білдірді.
Әкімнің есеп беру жиналысында облыс әкімінің орынбасары М.А.Дәрібаев қорытынды сөз сөйледі. Ол жиналыстың алдында аудан орталығын аралап көрді. Аманкелді орта мектебінде және былтырғы жылы жөндеуден өткізілген "Аманкелді мал дәрігері" мекемесінің кеңсесінде, балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде, А.Иманов мемориалдық музейінде болды. Олардағы қалыптасып отырған жағдайлармен танысты.
М.А.Дәрібаев өзінің қорытынды сөзінде аманкелділіктердің қол жеткізген жетістіктеріне ілтипат білдіре келе, батыр атындағы аудан халқы алдында 3 міндет тұрғанын атап көрсетті. Ол міндеттер – мал шаруашылығын одан әрі дамыту, мемлекеттік бағдарламаларды толық игеру және ауданға мол инвестиция тарту.
Хамитбек
МҰСАБАЕВ
Аманкелді ауданы.
Суреттерде: жиналыс президиумы: аудан әкімі Ж.Қ.Тәукенов пен облыс әкімінің орынбасары М.А.Дәрібаев; зейнеткер А.Төлегеновтің сұрақ қойып тұрған сәті.
Суреттерді түсірген Әнет ЖҰМАБЕК.