Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран

Бүгіндер ауылда, сол 77 боздаққа орнатылған еңселі ескерткіш бар. Ертең Ұлы Жеңістің 70 жылдығы күні ауылдың жас пен кәрісі, сол майдангерлердің немере-шөбере, шөпшектері, жалпы ізгі ниетті, отансүйгіш өрендер сол киелі орынға келіп, тағзым етеді. Осынау көгілдір мәрмәр тастан жасалған еңселі де қастерлі белгіні тұрғызуға үлес қосқан жандардың бірі, соғыстан кейін туып, қанаттанған азамат ретінде өзіміз де бізге бақыт пен бейбітшілік, елімізге тәуелсіздік сыйлаған сол батыр-боздақтарды еске алып, бас иеміз.
Ал бүгіннен бастап, біздің Қостанай облысында тұрып жатқан кешегі екінші дүниежүзілік соғыстың қас батырлары – жеңімпаздардың жүздесуін ұйымдастырғалы отырмыз.
Сонымен, бүгінгі жүздесуге қатысқандар: Ұлы Отан соғысының ардагерлері – Молдағали Жүнісбеков пен Нүркен Жолмұхамедов.
«Қостанай таңының» Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған бұл жаңа жобасы айына екі рет жарық көрмек.
Молдағали ЖҮНІСБЕКҰЛЫ:
«Соғыстың соңғы солдаты біз ғана болайық»

Таң бозара шырт ұйқыда жатқанымызда неміс самолеттерінің біздің аймақты бомбалап жатқан дауысынан ояндық, бізде ес жоқ, абдырап асып-сасып не істерімізді білмейміз.
Соғыстың басында майдан шебінде немістерге қарсы тұрарлық жағдай бізде мүлде болған жоқ еді.
Тек қана Кеңес халқының табандылығы, Ұлы Отанды қорғау жолындағы жанкештілік, асқан патриотизм бізді жеңіске жеткізді. Тіпті 1942 жылы ашылуға тиісті екінші майдан мәселесін Англия мен Америка 1944 жылға дейін созды. Оның астарында әліптің артын бағу бар еді.Ал енді бүгіндер кейбір "қайраткерлер" Совет халқының Ұлы Отан соғысындағы Жеңісінің ролін төмендетіп, әр саққа жүгіртуге бейім.
Ұлы Отан соғысы туралы айтқанда Жоғарғы Қолбасшы И.В.Сталин туралы айтпай кетуге болмайды. Кешегі қан-құйлы соғысқа қатысқан майдангердің қай-қайсысы болмасын Иосиф Виссарионович Сталиннің еңбегін ерекше жоғары бағалайды. Ол тас-түйін жұмылған Армия құра білді, ол бар мақсат-мүддесін Ұлы Жеңіс үшін жұмылдырған тыл құра білді. Ол Кеңес жауынгері мен офицерінің Ұлы Отаны үшін патриоттық сезімін оята білді. Қазақтың Батыр ұлы Бауыржан Момышұлы "Сталин жарықтықтың несін айтасың" десе, өзіміздің майдангер досымыз, марқұм Қазбек Әлжапаров та өз кітабында Жоғары Қолбасшының еңбегін аса жоғары бағалады. Тіпті ұлы Баукеңнің: «Дүние жүзі тарихында үш қана ең атақты қолбасшы болды. Олар Александр Македонский, Шыңғысхан және Иосиф Виссаринович Сталин» дегені де бар.
Осы орайда өз тарапымнан да айтарым бар. Сталин қайтыс болғаннан соң билікке келген Н.С.Хрущев КОКП-ның ХХ съезінде "Сталиннің жеке басына табыну туралы" баяндама жасағанда оның Ұлы Отан соғысы жылдарындағы қолбасшылық рөлін де төмендетуге тырыс-ты. Ол "И.В.Сталин соғыс басталған күннен бастап мең-зең болып, ешкіммен сөйлеспей, бір жеті бойы жатып алды" деген сыңайда сөз сөйледі.
Енді құжатқа жүгінейік. Хрущев айт-қан "Сталин депрессияда болып, бір жеті жатып алды" деген күндері ол күндіз-түні қарбалас қаракет үстінде болған. Сталиннің қабылдау бөлмесіндегі кезекші оған келіп, кеткен кісілердің аты-жөнін, қашан кіргенін және қашан шыққанын тізіп отырған. 21 маусым күні кешкі сағат 18.27-ден бастап, 23.00-ге дейін оның қабылдауында 13 адам болған, олар: Молотов, Ворошилов, Берия, Вознесенский, Маленков, Кузнецов, Тимошенко, Сафонов, Тимошенко, Жуков, Буденный, Мехлис, Берия. Бұл 21 маусым, соғыс әлі басталмаған, бірақ жағдайдың шиеленіскен тұсы. Ал соғыс оты тұтанған 22 маусым күнгі қабылдау таңғы сағат 5.45-те басталған. Алғаш кіргендер Молотов, Берия, Тимошенко, Мехлис, Жуков, сол күні Сталин жоғарғы басшылықтағы 29 адамды қабылдаған. 23 маусымда қабылдау тіпті түн ішінде сағат 3.20-да басталған. 24 маусымда түнгі сағат 1.15-ке дейін Қолбасшы алдында 20, 25 маусымда түнгі сағат 1-ден бастап 18 адам, 26 маусымда 28 адам, 27 маусымда 30, 28 маусымда 21 адам қабылдауда болған.
Ұлы Жеңісте Ұлы қолбасшының орасан зор рөлі бар.
Нүркен ЖОЛМҰХАМЕДОВ:
«Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің»

1942 жылдың 2 қаңтарында жаралы болып, Ленинград госпитальдарының бірінде емделіп, қатарға қайта оралдым. Содан кейін "өмір жолымен" Волховқа аттандық. Мұнда запас полк жасақталып жатқан еді.
Тағы да Ленинград майданы. 1943 жылы сәуірде ұрысқа қайта кірдік. Артиллериялық қарудың командирі едім. Біздің бөлім алдына жауды алға бастырмай негізгі күштердің Батысқа қарай жылжуын қамтамасыз ету міндеті қойылды. Сол міндетті ойдағыдай орындадық та. 1943 жылдың 9 маусымында "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен марапатталып, мерейім өсті. Бұл награда мен үшін бүгінге дейін ерекше ыстық.
Тарихтан белгілі, Ұлы Отан соғысындағы кескілескен шайқастарда Ленин-град қоршауы ерекше орын алады. Жеңіс оңай келген жоқ. Талай боздақтар қасық қаны қалғанша "елім, жерім, Отаным" деп жанқиярлықпен шайқасты. Ленин қаласын жаудан қорғауды, 900 күн мен түн болған қоршауды бұзып шығуды ең басты солдаттық парызы деп түсінді. Біздің дивизия 1944 жылғы 19 қаңтарда Мга станциясына шабуыл жасап, оны жаудан босатты. Осы шайқаста көрсеткен ерлігі үшін дивизияға осы станцияның аты берілді. Ал 27 қаңтарда Ленинград жау қоршауынан азат етілді. Менің омырауыма "Ерлігі үшін" медалі қадалды.
Сосын Фин бұғазы, Выборг, Нарвадағы, Чудо көліндегі, Латвиядағы шай-қастар. Соғысты Румынияда аяқтадым, тек 1945 жылғы қазан айында ғана әскер қатарынан босанып, елге оралдым. Өзімнің сүйікті мамандығым – мұғалім болып қырық жылдан астам еңбек еттім. Құдай қосқан қосағым Зағиша да ұстаз болды. Балалар туып, ер жетті. Шәкірттер үлкен өмірге жолдама алып, біздің мақтаныштарымызға айналды. Педагогикалық майдандағы еңбегім де Отан наградасы – "Еңбектегі ерлігі үшін" медалімен аталып өтті.
Шәкірттерімнің бірі кезінде облыс әкімі, кейін Парламент Мәжілісінің депутаты болды. Сол Тоқтарбай Қадамбаев сияқты биік белестерді бағындырған оқушыларым аз емес.
Елімнің тәуелсіздігі, халқымның бостандығы үшін төккен қан текке кеткен жоқ. Қазақстан әлемге әйгілі ел болды. Елбасы әлемдік деңгейдегі қайраткер атанды. Сол кемеңгер Көшбасшыныңның өз қолымен жазған, Ұлы Жеңістің 70 жылдығымен құттықтауын ерекше қуанышпен, толқу үстінде қабыл алдым. Біздің жұпыны пәтерімізге әдейі келіп, шын көңілден құттықтау сөзін айтып, ілтипат білдірген облыс әкімі Нұралы Садуақасов балама да мың рахмет.
Ұлы Жеңістің даңқы арта берсін, құрметті достар!