Мүмкіншіліктер толық пайдаланылды Әкім есеп берді: Қостанай қаласы
Жылдағы дәстүрмен Қостанай қаласы әкімінің есебін тыңдап, талқылауға кәсіпорындар мен ұйымдардың, мекемелердің өкілдері балалар шығармашылығы үйінде бас қосты. Жиынды облыс әкімі Нұралы Садуақасов төрағалық жасап, басқарып отырды.
Қала әкімі Ахмедбек Ахметжанов баяндама жасады. Ахмедбек Масақбайұлы сөзін былтырғы жыл қала экономикасына ауыр болғандығынан бастады. Дегенмен, әлеуметтік-экономикалық жағдайы сақталғанын ескертті.
Шешен мұнан ары қарай облыс орталығының тыныс- тіршілігіне сараптама жасағанда, әрбір салаға жеке-жеке тоқталды. Қаланың өнеркәсіптік кәсіпорындары өткен жылы 164,7 миллиард теңгенің өнімін өндірді. Бұрнағы жылғы мерзіммен салыстырғанда 125,8 пайызды құрайды. Облыс бойынша өндірілген өнімнің жалпылай көлемінің үлесі қырық пайызға жуықтады.
ТАМАҚ ӨНЕРКӘСІБІНІҢ қарқынына көңіл тояды. Жоспар 125,1 пайызға асыра орындалды. Соның ішінде, диірменшілердің жетістігі жоғары. Тартылған ұн үш жүз мың тоннаға жуықтады. Кондитер бұйымдарының көлемі қырық бір мың тоннадан, сүт пен қаймақ жет-піс үш тоннадан асты.
Машина жасау және жабдықтар жасау да ойдағыдай. Төрт жүзден астам комбайн, сегіз мыңға жуық автокөлік, бір мыңнан астам ауыл шаруашылық техникасы құрастырылды. Металлургтер тоқсан үш мың тоннаға жуық өнім өндірді.
– Биылғы жылы өнеркәсіпте өндірілетін өнім екі жүз миллиард теңгенің көлеміне жететіні жорамалдануда, – деді Ахмедбек Ахметжанов.
Игі істерге "ЕвразКаспианСталь", "СарыарқаАвтоПром" кәсіпорындары мен үй құрылысы комбинаты мол үлес қосуы керек.
Есеп беруші орын алған кемшіліктердің де бетін ашты. Жыл қорытындысында он кәсіпорынның тиісті деңгейде жұмыс істемегені анықталды. Соның ішінде, екі диірмен өнім өндіру көлемін кемітті. Олар да, басқалар да тұрақтылықты сақтау шараларын белгілеуі тиіс.
ИНВЕСТИЦИЯНЫ тартудың ықпалы артып келді. Игі істің ауқымын кеңейту күн тәртібіне қойылды. Жалпылай алғанда, жыл бойғы инвестицияның негізгі капиталы елу жеті миллиард 247 миллион теңгені құрады. Соның он екі миллиард 701 миллион теңгесі республикалық бюджеттің, төрт миллиард 383 миллион теңгесі жергілікті бюджеттің, қырық миллиард 163 миллион теңгесі кәсіпорындардың қаражаттары.
Үдемелі индустриалық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасымен өткен жылы екі жоба, құны 5, 5 миллиард теңге, жүзеге асырылды. Екі жүз елу жұмыс орны ашылды.
Атап айтқанда, мына жобалар: "Сарыарқа АвтоПром" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі (Автокөліктер құрастыру өндірісі) жобасының құны – бір миллиард 438 миллион теңге, жұмыс орны – бір жүз.
"Қостанай, МБИ" ЖШС жобасы (Үй құрылысы комбинатының құрылысы) жобаға төрт миллиард отыз жеті миллион теңге, жұмыс орны – бір жүз елу, жұмсалды.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан телекөпір арқылы аталған жобалардың тұсауы кесілді.
ҚАЛА БЮДЖЕТІ 100, 2 пайызға орындалды. Бюджет қорына 38, 5 миллион теңге қосымша қаражат құйылғаны белгілі болуда.
Бюджеттің кірісін толықтыру мақсатымен коммуналдық мүліктерді пайдаланудың, жер телімдерін сату және жалға беру, сонымен қатар азаматтарға пәтерлер сатудың тиімділіктерін арттыруға байланыс-ты жұмыстар жүргізілді. Бұл істер бойынша 1,4 миллиард теңге қаражат жиналды.
Үстіміздегі жылы бюджеттің кіріс бөліміне кемінде 21 миллиард 420 миллион теңге жиналуын қамтамасыз ету міндеттеліп отыр. Алдын ала болжам бойынша қол байлайтын қиындықтар туындамақ. Бұған экономиканың баяу дамуы, еңбекақыны төлеу, салық кірісі және бас-қа міндеттемелерді уақытылы үлгірту істері әсер етеді.
Сол себептен, экономикаға байланысты емес қаржы кірістеріне жол ашу керек. Әсіресе, жеке және заңды тұлғалар мүліктеріне, автокөліктер мен жерге салық салу талапқа сай болуы керек.
Бюджеттен жұмсалған ақша отыз миллиард 495 миллион теңгеге жетті. Соның ішінде республикалық бюджеттегі трансферттік және несиелік мақсаттағы қаражат жиырма екі миллион теңге, облыстық бюджеттегісі – бес миллион теңге, жергілікті бюджеттегісі – қырық төрт миллион теңге болды.
Барлық бағдарлама әкімшіліктеріне бөлінген қаражаттарды тиімділікпен жұмсап, пайдалану және уақытылы игеру, бюджет шығысының қажеттілерін екінші жартыжылдыққа ауыстыруды ойластыру жүктелді.
Маңызды бағдарламаның бірі – "Бизнестің жол картасы–2020". Өткен жылы осы бағдарламамен жетпіс жеті жоба пайдаланылды. Оның бағасы – алты миллиард 970 миллион теңге.
Бөлшек сауда айналымының көлемі 122 миллиард теңгеге жетті. Шағын бизнес субъектілерінің өндірген өнімдері 103,2 миллиард теңгеге теңесті. Жыл бойы жаңадан ашылған үш жүзден астам кәсіп-орын, екі мыңнан астам жекеменшік кәсіпкерлік тіркелді.
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ экономиканы дамытудағы ролі зор. Салада өндірілген өнім бір миллиард 927 миллион теңге көлемінде болды. Соның 556 миллион теңгесі мал шаруашылығынан өндірілді.
Инфляцияны тежеу және негізгі тағамдық өнімдер бағасын қымбаттатпау үшін жиырма төрт жәрмеңке ұйымдастырылды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер бір мың үш тонна азық түлік сатты.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫНЫҢ көлемі 156182 шаршы метр болды. 109 мың 769 шаршы метрге кәсіпорындардың қаражаты пайдаланылды.Соңғы бес жылда тұрғын үйлерді пайдалануға беру қырық бес мың шаршы метрге өсті. Мұның жиырма төрт мың шаршы метрі мемлекеттік құрылыс.
Герцен көшесіндегі №1, №2 үйлерден, аэропорт шағын ауданындағы №1, №2, №4 үйлерден, №3 мектеп шағын ауданындағы үйлердегі А,Б блоктарындағы үйлерден жалға пәтерлер берілді. Тұрғын үй бағдарламасының жоспары төрт миллиард 770 миллион теңгеге орындалды.
Үстіміздегі жылы да бұл істер жалғасын табады. Үш үйдің құрылысы салына береді. Бес үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бюджеттен бір миллиард 984 миллион теңге бөлінді. Үш жүз миллион теңге – қала бюджетінің қаражаты.
Биыл жаңа "Қонай" және "Юбилейный" шағын аудандары құрылысын жоспарлау қолға алынады. Бұл мақсатқа елу миллионнан теңгеден астам қаражат қарастырылуда. Қонай шағын ауданының жер көлемі – 1300 гектар.
Аталған аймақтағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіледі. Алдымен төрт жүз гектарға тұрғын үй салынады. Қалған жерлер жекеменшік тұрғын үйлер салушыларға ұсынылады.
Қала бойынша салынған құрылыс көлемі жиырма жеті миллиард 258 миллион теңгені құрады. Елбасының халықты жаңа әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз етудің маңыздылығын айтуына байланысты жалға берілетін тұрғын үйдің құрылысына қаражатты арттыруға тура келеді.
Салынып жат-қан тұрғын үй-лердің инженерлік инфрақұрылымдарын жетілдіру барысында екі миллиард 124 миллион теңге игерілді. Соның 841 миллион теңгесі – "Аймақтарды дамыту " бағдарламасы шеңберіндегі қаражат.
Ағымдағы жылы белгіленген жоспарларды үлгіртуге бір миллиард 872 миллион теңге бөлініп отыр. Инфрақұрылымдық даму бағытында дербес жылу жүйесінің құрылысына назар аударылады. Сонымен қатар, "Аэропорт" шағын ауданындағы жылу жүйелерін, судың құбырларын және канализацияны салу күн тәртібіне қойылады. Бұған 775 миллион теңге жұмсалады.
ЖЫЛУМЕН, АУЫЗ СУМЕН қамтамасыз етуді жаңғыртудың қарқынын арттыру – мемлекет Басшысының Жолдауындағы маңызды тапсырманың бірі. Еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының барлық жүйесі қосымша қаржыландыру есебінен жүргізілетінін ескерсек, бұл іске де жайбарақат қарауға болмайды.
ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ мемлекеттік бағдарламасымен Қостанайда он бір көп қабатты тұрғын үйге жөндеу жұмыстары 173 миллион теңге қаржымен атқарылды. Биылғы жылы алты үйді жөндеуге 114,6 миллион теңге жұмсалмақ. Есте сақтайтын мәселе, бағдарламаға қатысушылардан берілген ақшаны уақытылы қайырып алуға байланысты.
АВТОКӨЛІК инфрақұрылымы нысандарын дамытуда бір миллиард 431 миллион теңге игерілді. Баймағамбет, Чехов, Герцен көшелері қалпына келтірілді. Жол қозғалысы жүйесін қалыптастыруға да осы қаражаттан ақша жұмсалды. 201, 8 миллион теңге қаражатпен Железнодорожный көшесі күрделі жөнделді.
Чехов және Герцен көшелерін жөндеу жалғасады. Чехов көшесі биыл теп-тегіс күйінде пайдалануға беріліп, жол қозғалысы жүйесін реттеу жұмысы да атқарылады.
АУЫЗ СУМЕН қамтамасыз ету бағдарламасы бойынша үлкен істерді атқаруға тура келеді. Сол үшін құны үш миллиард 150 миллион теңгемен теңесетін тоғыз инвестициялық жоба игеріледі. Жылу энергия жүйесін жақсартуға бір жүз миллион теңге қарастырылды.
Былтырғы жылы тұтастай алғанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бойынша сегіз 278 миллион теңге игерілді.
Ауқымды жұмыстарды сәтімен атқару кезінде жұмыспен қамту және азаматтарды әлеуметтік жағынан қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінді. "Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020" бағдарламасымен жұмысқа орналастыру жоспары 92, 2 пайызға үлгіртілді. Орташа айлық еңбек ақы 92705 теңге болды. Бұл облыс бойынша көрсеткіштен 4610 теңгеге артық.
Бағдарламаны басшылыққа ала отырып, кадрларды қайта даярлау және жастар практикасы арқылы үш мыңнан астам адамға жұмыс табылды. Жұмыссыздықты азайту мақсатымен тоғыз еңбек жәрмеңкесі өткізілді. Бұған үш жүз кәсіпорын мен ұйымдар қатысып, екі жарым мың адам жұмыс таңдады.
Бүгінде қалада жеті мыңнан астам мүмкіншілігі шектеулі адам тұрады. Оңтайландыру орталығынан тұрмысы ауыр 584 адам уақытша тұрғын үйді алды.
Ұлы Жеңістің жетпіс жылдығы таяп келеді. Шындығына келгенде, соғысқа қатысушылар саны тым аздау – барлығы 135 ғана. Осындай ардагерлермен теңесушілер саны – төрт мың. Бұлардың қай-қайсысына да әлеуметтік көмек берілді.
БІЛІМ БЕРУ саласындағы отыз төрт мектепте жиырма бес мыңға жуық оқушы бар. Бірыңғай ұлттық тестілеудің қорытындысында орташа балл – 92, 3 болды. Жиырма бір оқушы "Алтын белгі" аттестатын алды.
Кәсіптік-техникалық колледждің директоры К.Көнкенов оқу орнының кадрларды даярлау және қайта даярлау жолындағы жетістіктеріне тоқталды.
"БК-Строй" ЖШС директоры И.Ким кәсіпорынның тек қалада ғана емес, облыс бойынша ірі құрылыс ұжымына айналғанын тілге тиек етті.
"ЕвразКаспиан Сталь" серіктестігі Қазақстанның индустриаландыру Картасы шеңберінде жылына 450 мың тонна ұсақ сортты прокат өндірудегі қадамы туралы әңгімеледі.
Қала әкімі А.Ахметжанов есеп беріп болғасын сауал қоюшылар тиісінше жауап алды.
Жиынның соңында облыс әкімі Нұралы Садуақасов бір топ еңбек озатына Құрмет грамотасын табыс етті.
Сонымен қатар қалалық білім бөлімінің басшысы Василий Цымбалюк "Шанс" автокөлігінің кілтін алды. Бұл автокөлік мүгедек, жетім және ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды әлеуметтік нысандарға тасымалдауға пайдаланылады.
Ермекбай
ХАСЕНОВ
Суреттерде: жиналысқа қатысушылар.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков.