Жаңа заңнама қалай жүзеге асуда?
Жыл басынан бері еліміздің барлық құқық қорғау органдары толықтырулар мен өзгертулерге ұшыраған ҚР Қылмыстық Кодексі және ҚР Қылмыстық іс жүргізу Кодексі бойынша жаңа талаптарды жүзеге асыра бастады. Жаңа заңның жаңалығы аталған ко-декске қылмыстық теріс қылық терминінің енгізілуі. Егер де айыпталушы кісі денсаулығына айтарлықтай ауыр зардап келтірмесе, сондай-ақ, бірінші рет қылмыс жасаса, жәбірленушімен медиация жолымен өзара бітімге келсе, келтірілген шығынды өтеген жағдайда қылмыстық жауапкершіліктен босатылады. Сонымен қоса, жаңа Қылмыстық Кодексте кісі өліміне әкеліп соқпаған ауырлығы төмен немесе орташа ауырлықтағы қылмыс жасаған кәмелет жасқа толмағандарға бас бостандығынан айыру жазасы кесілмейді. Ал, өз бетінше кірісі бар кәмелет жасқа толғандар түзету жұмыстарына тартылады. Айыппұлдар салу, түзету және қоғамдық жұмыстарды кеңінен қолдану шаралары алдағы уақытта түзету мекемелерінде жазасын өтеушілер санын азайтатын болады. Ұйымдасқан және арнайы қылмыстық күресті күшейту бағытында ақпараттық технологиялар және медицина саласы бойынша қосымша нормалар енгізілді.
Қылмыстық іс жүргізу кодексінің тағы бір жаңалығы – ішкі істер органдарына келіп түскен қылмыс туралы арыз-шағымдар мен өзге де хабарламалардың барлығы кезекші бөлімдердің құжаттарды тіркеу кітабына тіркелетін болады. Содан нақты қылмыс белгілері бар арыз-шағымдар электронды форматтағы сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіміне енгізіледі. Бұл дегеніміз – аталған арыз-шағым бойынша сол мезеттен бастап қылмыстық іс қозғалып, оған тіркеу нөмірі берілді деген сөз. Жаңа Қылмыстық-процестік кодекстің талабына сәйкес, қылмыстық қудалау органы қылмыстық іс қозғау туралы қаулы шығармай, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізеді. Заңнамаға енген өзгерістерге сәйкес қылмыстық қудалау органдарына шағым түскен сәттен бастап бір тәулік ішінде қылмыс құрамының бар-жоғы анықталады және барлық дәлелдер дереу тексеріледі. Осыған байланысты, 2015 жылдың 19-қаңтарынан бастап жаңа Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодексіне көшуіне орай ҚР Бас прокуратурасының өкілдері еліміздің барлық облыстарында қадағалау жұмыстарын жүргізуді бастады.
Қостанай облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.