Дұрыс сөйлеп, сауатты жаза білейік
Тіл – үлкен-кішінің өзара түсінісуінің, пікір алысуының құралы, тарихи дәстүрлерді болашаққа жеткізуші тетік. Кірпіштен қалап, үй салуға болатыны сияқты, дыбыстан құралып, сөз жасалады. Тілдің кішкене бөлшегі – сөзбен ойымызды жеткіземіз. Ал дұрыс сөйлеп, сауатты жазу үшін қазақ тілінің заңдарын білгеніміз жөн. Өйткені кейбір сөздердің айтылуы мен жазылуы бір басқа. Осы ретте фонетикалық ережелерге тоқталуды жөн көрдік.
Түбір сөз бен қосымша, сөз бен сөз арасыңдағы дыбыстардың бір-біріне ұқсата әсер етуі дыбыс үндестігі аталады. Дыбыс үндестігі үшке бөлінеді: ілгерінді ықпал, кейінді ықпал, тоғыспалы ықпал. Сөздің соңғы дыбысы дауыссыздан басталатын қосымшаның алғашқы дыбысын өзіне ұқсата әсер етуін ілгерінді ықпал дейді. Біріккен сөз-дердің, сөз тіркесінің алғаш-қы сыңары қатаң болып, соңғы сыңары ұяңнан басталса да ол қатаңға айналады, бірақ жаз-ғанда түбірі сақталады. Мысалы: Қоныспек деп айтылғанмен, жазылуы Қонысбек. Біріккен сөздердін, сөз тіркесінің алғашқы сыңары дауыстыға, үндіге не ұяңға аяқталып, екінші сыңары қатаң дыбыстан басталса, айтылуда қатаң дыбыс ұяңданып естіледі, бірақ жазғанда түбірі сақталады. Мысалы: Жаңа-ғорған деп айтылады, Жаңа-қорған деп жазылады.
Кейінгі дыбыстың алдыңғы дыбысқа әсерінен алдыңғы дыбыстың кейінгі дыбысқа ұқсап өзгеруі кейінді ықпал деп аталады. Кейінді ықпалдың жазуда ескерілетін де, ескерілмейтін жері де бар. Көбінесе кейінді ықпал бойынша ықпалдасатын қ, к, п, с, з, ш, ж, н дыбыстары болып келеді, тек айтылуда ғана өзгеріске ұшырайды, мысалы, Бозжан (Божжан), жұмысшы (жұмышшы), Боранбай (Борамбай) т. б.
Қазақ тілінде көрші дыбыстар бір-біріне ілгері-кейінді әсер етіп, алдыңғы дыбыс кейінгі дыбысқа әсерін тигізіп өзгертетін, ал ол өзгерген дыбыс өзінен бұрынғы дыбысты өзгертетін жағдай кездеседі. Дыбыстардың осылайша өзгеруі тоғыспалы ықпал деп аталады. Бірақ жазуда бұл дыбыстық өзгеріс ескерілмейді. Мысалы, Ырысжан (Ырышшан), Досжан (Дошшан), Жанқожа (Жаңғожа) т.б.
Сөздің соңғы дыбысы н болса, жалғанатын қосымшалар қ, ғ, г, б, п дыбыстарынан басталғанда, н өзгеріп ң не м болады, бірақ жазғанда түбірі сақталады Мысалы: Жанпейіс – Жампейіс, Ермағанбет – Ермағамбет.
Кейбір сөздер қалай айтылса, солай жазылып та жүр. Халықтық қолданыста екі түрлі жазылатын сөздер де кездеседі. Көпшілік солай қолданып үйренгендіктен оны қате деуге де болмас. Сөздің табиғи естілуі үшін, дыбыс түрленімінің барлығын сақтап сөйлеу керек. Ауызша сөздің жатық айтылуы, үндестік заңын сақтай отырып, орфоэпиялық және орфографиялық нормаларды білу, әріптердің емлесін, оның айтылу нормасымен қатар меңгеру әр адамның міндеті деп ойлаймын.
Айжамал Қайыпбаева,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ гуманитарлық-әлеуметтік факультетінің
тіл және әдебиет теориясы кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.
Сіз білесіз бе?
Кітап оқудың пайдасы көп
Орта есеппен алғанда, адам минутына 200-250 сөз, яғни 2 бет оқып шығады екен. Ал әлемдегі адамдардың 5 пайызы өте баяу оқитындықтан олар минутына 180-220 сөзді оқып үлгіреді.
Бір қызығы, асықпай оқу барысында адам кітапта жазылған дүниенің 60 пайызын ғана қабылдай алады екен. Жылдам оқығанда, керісінше, туындының 80 пайызын ғана түсінуге мүмкіндік туады. Жылдамдыққа сай ақпарат тез қабылданып, тез сіңетін көрінеді. Зерттеушілер жылдам оқығаннан гөрі асықпай оқығанда көздің талатынын анықтаған. Қарапайым адам бір нүктеге қарағанда 10 әріптік белгіні көруі мүмкін. Ал жылдам оқитындар 33-83 сөзді көре алады.
Тарихта жылдам оқу қасиетімен есте қалған талай тұлға бар. Мысалы, француздың атақты жазушысы Оноре де Бальзактың 200 беттен тұратын романды жарты сағатта оқып тастайтын қабілеті болған деседі.
Ай атауы
Ақпан
Қазақтың "Үт келді, жұт келді" дейтіні осы ай. Малдың жұтауы осы кезден басталған. Жұт жылдары жер тақыр болады да, дүлей боран тоқтаусыз төпей береді. Мал таудың бауырын, ағаш арасын паналайды, ашық тебіндерден ығып кетеді. Ақ ықпа ақ басқын мен қатты желдің нәтижесі. Ақпан сөзінің тегі – "ықпа" боран, ол кейде "ақ ықпа", "ақ басқын" деп те айтылады. Ақпан "ақ ық-па" деген сөздердің бірігуінен жасалған.
Ұмытылған ұғымдар
Лау
Бір ауылдан басқа ауылға бару үшін көлікке ат не арба сұрау лау деп аталады. Лау сұраған адамның өтінішін жерге тастамай, міндетті түрде орындаған.
Үме
Қандай да бір ауыр жұмыс істегенде ағайын-туыс, көрші-қолаңды көмек қолын созуға шақыру үме деп аталады. Үме көпшілікпен бітетін жұмыс. Мысалы, қысқа дайындық жасау үшін үй иесі ауыл адамдарын шақырады. Жас жігіттер келіп, шөп шабысады. Үй иесі оларға ризашылығын білдірген.
Таныс сөздер
Төркіні
Ақшам
Ақсақал дөңестегі бөркін киді,
Аллаға ақшам оқып басын иді.
І.Жансүгіров.
Ақшам сөзі екі түбірден құралған біріккен сөз. Түркі тілдерінің біразында ақшам сөзі "кеш, кешкі мезгіл" деген мағынаны береді. М.Қашғари да "ахшам– күн батар мезгіл" деп көрсеткен. В.Радловтың сөздігінде "шам-кеш, күн батқан соң оқылатын намаз" делінген, парсыша да шам-кешкі уақыт, кешкі ас.
Күн батысымен жер беті бірден қараңғыланып кетпейді. Белгілі бір уақытқа дейін "жарық кеш" немесе "ақ кеш" тәрізді кеш болады. Бұған қарағанда, бес уақыт намаздың бірін білдіретін ақшам сөзі осы мезгілге байланысты қалыптасқан болуы керек.
Сирек қолданылатын
Сөздер
Жаушүмілдік – көктемде гүлдейтін, жуан тамырлы сарғалдақ тұқымдас өсімдік.
Жауылша – таулы жерде өсетін, қой малына жұғымды шөп.
Жәмше – ерте пісетін домалақ қауын.
Жекен– сазды, батпақты жерде өсетін көпжылдық өсімдік.
Жемжеміл – шөп тамырынан алынған
дәрі.
Жебір – жатаған сабақты, хош иісті бұта.
Жоя – қауын, қарбыз егетін жер.
Запыран– ерекше иісті сары гүл.
Зарат – шабылған шөптің үйіндісі.
Зерек – оңтүстік аудандарда таулы жерлерде өсетін тікенді бұта.
Зире – биік, сабағы тік, бұтақтанып келген өсімдік
Итқұлақ – жазық жерде өсетін иттің құлағына ұқсас шөп.
Итқонақ – көбінесе тарымен бірге өсетін арам шөп.
Кәмек – шикі қауын.
CӨЗ СОҢЫ:
Қанатты сөз, алғыс сөз, нақыл сөз… Қазақ тілінде сөздердің тағы қандай түрлері бар? Бұл туралы келесі жолы сөз етпекпіз. "Сөз әлемінде" кездескенше.
Мнауара Қабдрахметова.