«Карнавалдың» қуанышы
«Мәскеу достарын қарсы алады» XVIII халықаралық фестивалінің ұйымдастырушысы Владимир Спиваковтың халық-аралық қайырымдылық шарасы биыл «Өмірді қорғап қалғандар!» ұранымен өтуде. Аталған додаға онлайн қатысу үшін қостанайлық «Карнавал» би ансамблі де шақырылып отыр. Осы жолғы фестиваль COVID-19 пандемиясымен күресте алдыңғы қатарда жұмыс істеп, қиындыққа мойымаған барлық дәрігерлерге арналады.
2014 жылдан бастап фестиваль ұйымдастырушылары «Мейірімділік» сыйлығын табыстауды қолға ала бастаған. Алдыңғы жылдардағы лауреаттар арасында Евгений Миронов, Лео Бокерия, Леонид Рошал, Михаил Куснирович, Мария Морозова, Наина Ельцина, Евгений Чаплин сынды азаматтар бар.
Фестивальге Австрия, Аргентина, Армения, Бельгия, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Греция сияқты әлемнің 42 елінен шығармашылық ұжым қатысады. Қазақстанның атынан «Карнавал» би ансамблі мен Нұр-Сұлтан қаласынан сырнайшы Мерей Бердібекова шақырту алып отыр. «Карнавал» би ансамблі фестиваль бағдарламасында «Салтанат» композициясы мен корей биін орындайтын болады. Онлайн концерттер Владимир Спиваковтың YOUTUBE каналында жарияланды.