Бес жүз теңгеден басталған бәссауда
«МАРТ» Сауда орталығында «Тобыл» ойыншыларының футболкалары бәссаудаға түсті.Осымен төртінші рет өткізіліп отырған қайырымдылық аукционына қостанайлық он бес футболшының киімі сатылды. Әуелгіде фудкортқа жиналғандар аса белсенділік таныта қоймағанмен бара-бара бәссауда қыза түсті. Бастапқы бағасы 500 теңгеден басталған футболкалар әртүрлі бағаланды.
Мәселен, Н.Шливичтің киімі 5000 теңгеге сатылса, Ә.Сүлейдің киген формасы 3000 теңгеге өтіп кетті. Айтпақшы, дәл осы футболканы біздің әріптесіміз, «Астана» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі Заңғар Санай олжалады.
–Мұндай қайырымдылық акциясын клуб жыл сайын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырған. Мақсатымыз ауыр науқасқа шалдыққан балаларға шама-шарқымызша қаржылай көмек беру. Қоғамның бір бөлшегі-бала денсаулығына қостанайлықтар ешқашан бей-жай қараған емес. Сондықтан, аукционға қатысушылар өте сауапты іске ұйытқы болды деп батыл айта аламын,-дейді «Тобыл» футбол клубының баспасөз хатшысы Константин Должанский.
Сатылымға түскен ең қымбат киімдердің ішінде «Тобылдың» бұрынғы ойыншысы Виталий Волковтың футболкасы 10 000 теңгеден кем түскен жоқ. Оны клубтың видеоператоры Виталий Вельман иеленді.
Айтпақшы, қостанайлық футболшылардың спорттық формасын жинауды әдетке айналдырған Александр Костенко бұл жолы екі бірдей киім сатып алды. Сөйтіп, осыған дейін алт футболшының киіміне қол жеткізген оның коллекциясы тағы екі киіммен толықты.
Айбек Кәдірұлы
Суретті түсірген Айбек Жүзбай