Ұры ұстатпай жүр
Облыс орталығына қарайтын Кәріс ауылы тұрғындарының зәресін алған ұры ұстатпай жүр. Әсіресе нәзік жандылар таңертең немесе көз байланған кезде жұмысқа барудан қорқады.
Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, желтоқсаннан бері 7 әйел қаскөй ұрыға жем болған. Зардап шеккендер ұры қолына түскен кісіні тұншықтырып, сөмкесі мен бағалы заттарын алған соң, ізін суытатынын айтады.
Мәселен, жақында ғана 52 жастағы Мария Грищук сол ұрыдан зәбір көрген. Ол көрші үйдің қасынан өтіп бара жатқанда алдынан шыққан ер адамға қарсылық көрсете алмапты. Қарулы қарақшы қолындағы сөмкесін жұлып алып, қашып кеткен.
Ал, 30 желтоқсан күні Татьяна Беланова да ұрыға таланғанын қорқынышпен еске алады. Жаңа жылдық мереке тойланатын күні жұмысқа бара жатқан жолда белгісіз жас жігіт оны мұзға бетімен құлатқан да сөмкесін алып қашқан.
Аяқ астынан пайда болып, бір айға жуық жұршылықтың мазасын алған ұры бұдан бөлек бірнеше адамды тонаған. Ауыл тұрғындарының бірі 40 мың теңгесінен айырылып қалыпты. – «Көшелер жарықтандырылмаған. Сол себепті, жедел ұстау әзірге мүмкін болмай тұр»,- деп налиды тұрғындар.
Біз осы мәселемен Қостанай қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Самат Жанділдинге хабарласқанымызда , үрей билеп отырған ауыл көшелеріне әзір жарық тартылмайтынын білдік.
Бүгінде ауылдағы әйелдердің біразы жұмысқа күйеулерімен барып, кешкісін бірге қайтады. Жұршылық әсіресе мектептен кеш қайтатын балалар үшін қатты алаңдайды.
Мешіт Ғазиз