Өңір дәрігер мамандарға тапшы

Бұған дейін хабарлағанымыздай, облыстық баспасөз клубының бұл жолғы қонағы ретінде өңірдегі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Орал Бекмағамбетов болып, журналистер қауымымен брифинг өткізді.Ол медицина саласындағы өзекті мәселелерге тоқтала отырып жетістіктерді де жіпке тізді.
IMG_1068– Өздеріңіз жақсы білесіздер,– деді Орал Айтбайұлы. – Күні кеше Рудный шаһарында перинаталды және инсультты орталықтардың ашылғанын сөз еттік. Сондай-ақ, Қостанайда да қалалық балалар ауруханасының жанынан оңалту және облыстық ауруханада медбикелік көмек көрсету бөлімдері жұмыс істеуде. Бұл әрине, бізге ауадай қажетті орталықтар еді ғой. Соны іске асырғанымыз абыройлы болды.
Осындай жетістіктерімен ой бөліскен Орал Бекмағамбетов алда атқарылар қыруар шаруаның да бетін шығарды. Енді ел игілігіне облыстық онкологиялық диспансердің жанынан тәулігіне 300 сырқат адамды қабылдайтын емханалық бөлімнің құрылысы басталып, іске жарататынын айтты.
Айтса айтқандай-ақ, оның мәлімдеуінше қазір онкопатологиялық аурудан көз жұматындардың саны 6%-ға, құрт ауруына шалдығып бұ дүниемен қоштасатындардың көрсеткіші 26%-ға қысқарса, жүрек-қан тамырлары дертіне ұшырап қайтыс болғандар 24%-ға қысқарыпты.
IMG_1066Ал, өңірдегі дәрігерлік мамандардың жетіспеуі, әсіресе қашықтағы Жанкелдин, Аманкелді ауданы мен Арқалық қаласындағы жағдай туралы сауалға басқарма басшысы:
– Бұл жайт әрине, қабырғамызға батады. Тек қана бізде ғана емес, еліміздегі әр облыстың негізгі өзекті өртер тақырыбы. Бұрнағы жылдардағыдай жәрмеңкені жаз шыға күтпей қазір ертерек қимылдап, осы мамандыққа даярлайтын оқу орындарының басшыларымен сөйлесіп жатырмыз. Ынта-ықыласы бар маман иелерін өңірге шақыруды әзірге осылай бастап кеттік. Кейбір жандар рас, келгісі жоқ. Олар Астана, Қарағанды, Алматы сияқты өңірлерді қалайды. Алыс та қашық аймаққа ат басын бұрғылары жоқ. Сондықтан да бұл мәселеге түсіністікпен қарауға болады,– деп ақиқатын айтып ағынан жарылды.
IMG_1077Тегін дәрі-дәрмек алып емделіп жүрген сырқатты жандардың жағдайы қалай болмақ? Бұған мұқтаж бәз біреулері бұл көмекті ала алмай отырғандығын ескертіп, сауалын қойған тілшіге Орал Айтбайұлы бүй деді:
– Кім екенін өзіңізден естіп білдік. Жаңа ғана түртіп алдым өзіме. Ол адамға көмекті көрсетеміз. Мұндай жайтқа бей-жай қарай алмаймыз. Осы аптаның аяғына дейін диспансерлік емделушілерге берілетін тегін дәрі-дәрмек облыстық мекемелерге толықтай жеткізіледі. Былтырғы жылдың мәліметін айтсақ, бұған 1 млрд. теңгеден артық қаржы жұмсалып, 72 мыңнан астам сырқатқа көмек көрсетілді.
Міне, осындай ақпараттармен ой бөліскен басқарма басшысы әзірге өңірдегі медицина саласының қарқынды дамып жатқандығын баяндап берді.
IMG_1054Содан соң облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанділдә Мақанов келесі жолғы қонақпен де таныстырып өтті. Ол – облыстық мәслихат хатшысы Сайлаубек Ещанов болмақ.
IMG_1080IMG_1087IMG_1088
Нұрболат Мешітбаев
Суреттерді түсірген Айбек Жүзбай

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓