Білімдіден шыққан сөз

krg2Оспанова Айша Сұлтанқызы – роман тіл білімінің доценті, ҚМПИ профессоры, ҚазКСР ағарту ісінің үздігі. ҚР Халықтық білім беру саласының құрметті қызметкері, "Ы.Алтынсарин" медалінің иегері, Француз Республикасының "Академиялық пальма" Орденінің кавалері. 1969 жылы –  Сорбоннада француз тілінің бір жылдық курсын тәмамдаған. 1970 жылы – Алматы әлем тілдері және халықаралық қатынастар университетін бітірді. Тәжірибелі тәлімгер Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында 1970 жылдан бастап еңбек етіп келеді.  2007 жылы оның бастамасымен ҚМПИ Француз мәдениет орталығы ашылған болатын.
Мәселен, адам ағзасы жүректің жұмыс жасауына жағдай жасайды. Ал ғылымды сол жүрекпен салыстырар болсақ, оның түрлі салалары ағзалармен тең деуге болады. Сол себепті бір жүйені жұмылып жетілдіру нәсіл я ділге қарамақ емес, өйткені міндет – бұқараның бақуатын бірге арттыру. Бұл тұрғыда ісін үлкен үлеске айналдыра білген, ілімнің іргесін шәкірт тәрбиелеу арқылы қалап жүрген ізденуші Айша Сұлтанқызының еңбегі зор.
– Айша Сұлтанқызы, осы мамандықты таңдауға не түрткі болды? Ғылыми қызмет сіздің өмірлік жолыңызды айқындайтынын қашан түсіндіңіз?
Айша Сұлтанқызы: Бала күнімнен француз әдебиеті мен мәдениетіне деген құлшынысым зор-тын. Оған деген махаббатымды оятқан, білсін, көңіліне тоқысын деген ағама алғысым орасан. Ол әдебиетші еді, сол кезде мектеп директоры болатын. Француз жазушыларын оқытатын, бесінші сыныпта жүргенімде-ақ Корнель мен Жан Расинді орысша оқыдым.  Кейін есейген соң, әкем Алматыға медицина саласында білім алуға жіберді, алайда, өз дегенім бойынша сол қаладағы тілдер институтын тауып алып, ректордың қабылдауында болдым. Одан мені француз тілі бөліміне оқуға алуын сұрадым. Мектепті жақсы аяқтаған соң, тек беске оқитын болатынымды айтып, өз күшіме сенетінімді жеткіздім. Бірінші курста француз ұстаздан сабақ алып жолым болды. Егде тартқан қария кісі орысша, мен французша білмеймін. Менен бірдеңе шығады деп ойласа керек, әбден қиналтты. Екі ай бойы мен оның сабағында түк те ұқпай жүрдім. Дегенмен, уақыт өте келе жағдай оңалып, бар ынтаммен үйрене бастадым. Кеңестік байқауларда жеңімпаз атанып жүріп, үшінші курста Сорбоннаға (Франция) білім алуға аттандым. Жыл өткен соң Алматыға оралып, дипломымды алдым. Мені осындағы тілдер институтына жұмысқа қалдырғысы келді, бірақ тікелей білім министріне барып туған жеріме, өзім оқыған ауылдық Ленин орта мектебіне жіберуін өтіндім. Өйткені үйіме қатты орал-ғым келді. Ол кісі екі елдің оқу орнын үздік дипломмен аяқтаған қыздың ауылға сұранып тұрғанын естіп, қалайша деп күліп жіберді (күліп). Кейін менің ректорыма қоңырау шалған болуы керек, мені ауылға емес, Қостанай педагогикалық институтына жіберді. Осында келіп жұмыс істей бастадым, содан соң Мәс-кеуге сынақ мерзімін өткізуге кеттім. Барлық кандидаттық минимумдарды тапсырып, ақырындап ғылыми мақалалар жаза   бастадым. Осылайша алдымнан ғылымның  даңғыл жолы көріне бастады. Мәскеудегі КСРО  ғылым академиясы доцент атағын берді. Әйгілі француздың күміс көмейі Эдит Пиафтың өлеңінде айтылғандай, "мен ештеңеге өкінбеймін", шұғылданатын ісімнен ләззат аламын.
– Ең алғаш студенттерге берген сабағыңыз есіңізде ме?
Айша Сұлтанқызы: Әлбетте, алғашқы тәлім алушыларым да есімде. Нефедова Лилия Амиряновна, Бағила Бірмағамбетқызы Баймағамбетова, Әлия Қазиева. …Өте ұшқыр, білімпаздар бар еді. Ең бірінші күні басшылық сендерге Парижде оқып келген жас, бірақ тым қатал ұстаз сабақ беретін болады деп ескертіп қойыпты. Жасым небәрі жиырма  екіде болған соң, басыма шығып алады деп қорықса керек. Ол кезде Франциядан оқып келді дегенді сирек еститін шақ, барлығы маған зоопарктегі аңға қарағандай аң-таң болып, әр сөзімді мұқият тыңдап отырды. Дауыс көтермесем де қатал болуға тырыстым, бірінші дәрісімде алдыңғы қатардағы күрделі дауысты дыбысты үйреттім. Кейіннен соларға куратор болдым, әңгімелерім, әкелген фотосуреттерім арқылы бір жыл ішінде Париж туралы біраз біліп шықты. Ол кездің білім беру әдістемесі өзгеше болды ма, әлде қазіргі білім бағдарламамыз тым күрделі ме екен, білмеймін, бұрынғының студенттерінде ынта жоғары-тын, қазіргі студенттердің есте сақтау қабілеті көңіл көншітпейді.   
– Француз республикасының ұраны "Бостандық, теңдік, бауырластық". Сіз франктердің жерінде білім алғанда осыны сезіне алдыңыз ба?
Айша Сұлтанқызы: Ия, Франция көп ұлтты ел, онда араб та, басқа да бар. Олар ұлтшыл емес, әр түрлі халық әлдеқашан араласып кеткен, таза французды сирек кездестіресің. Әрине, ұранда айтылған теңдік те, ағайындық та сезілді. Көз тартатын көп дүние болды. Дегенмен, өз Отаныңдай қайдан болсын. Өз ауылым Урицкийдің тыныс-тіршілігі, ондағы төрт түлікке шейін мен үшін Парижден артық көрінді. Қазіргі таңда қаракөздеріміздің көпшілігін оқуға жіберіп жатырмыз. Бір өкініштісі, сол елде қалып қойып, не сонда тұрмысқа шығып жат-қандары. Бұндайды сатқындық деп есептеймін, біз оларды еліміздің көркеюіне атсалысу үшін білім алсын деп жібереміз емес пе? Студент шағымда Гвиней елі королінің ұлы маған сөз салған, бас тарттым. Қарапайым қазағыңнан артығы болмас.
– Кәсіби жетістіктеріңіздің қайсысын бүгінгі таңда маңызды сипатқа ие деп есептейсіз?   
Айша Сұлтанқызы: Еліміздің, француз мемлекетінің үкіметі еңбегімді бағалады. Білім саласының, институтымыздың құр-метті қызметкерімін. Француздар "Пальма бұтағы" академиялық орденін тағып, "кавалер" дәрежесімен марапаттады. Институтымыздың 75-жылдық мерейтойында Перпиньян университетінің француз тілін оқыту орталығының директоры Паскаль Казанова өзінің құттықтау сөзінде білікті маман даярлауда Қостанай педагогикалық институтының сапасы жоғары деп баға берді. Біздің төртке бітірген түлектеріміз Париждік Сорбоннаға түскен, егер озат оқығандарын жіберсек не болар екен деген ойда қалдық (күліп). Педагогикалық еңбегімнің жемісі деп қазіргі таңда елімізде сұранысқа ие болып тұрған оқу құралымды айтар едім. Әрине, ең негізгі жетістігім өте танымал, сауатты студенттерім. Нефедова Лилия Амиряновна атты оқушым қазір Ресей ғылым академиясының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, ғылыми атақтарын қорғау барысында үнемі алғашқы ұстазым деп менің атымды аузына алып отырады, маған өз аспиранттарын жібереді, олардың диссертацияларына рецензия жазып беремін. Мыналар (студенттеріне нұсқап) тілде сауатты сөйлеп, менен асып түсіп жатқанда мен қуанамын. Бұл үлкен абырой. 
– Француз тілі ХХ ғасырдың басына дейін халықаралық тіл болып саналды. Әдебиеттерде текті кісілер, Осман империясының түріктері, шетелдіктермен французша сөйлескен делінеді. Үш жүз жылдан астам уақыт Англияның ресми тілі саналғаны тағы бар (1066 жылдан бастап XV ғ. басына дейін). Ал бүгінде халықаралық ұйымдарда тілдің қолданыс аясының төмендеп бара жатқандығы анық байқалады. Француз тілінің келешегі туралы не дейсіз?
Айша Сұлтанқызы: Ол екінші халықаралық тіл. Француздарға дүкенде франк пен еуро емес, доллар көрсетсең қабылдамайды. Еуроодақ та, Еуропаның "парламенттік астанасы" Страсбургтегі Еуропалық сот та французша сөйлейді. Олимпиадалық ойындардың көпшілігіне француз тілінде шолу жасалынады. Сол себепті қазіргі күні тіл өз мәртебесін қайта жаңғыртуда деп ашық айта аламын.
– Француз тілі – Гюгоның, Мольердің, Декарттың тілі. Жұрт оны гуманистік идеалдардың тілі деп жатады. Келісемісіз?
Айша Сұлтанқызы: Әрине, қазір студенттермен Дидроның, Руссоның дәйексөздерін, адам ойының еркіндігі жайлы түрлі пікірлерін оқудамыз. Тұлға өз ұлтының қамын жеу үшін, ең алдымен өзінің ар-намысы жайлы ойланып, өз мәдениетін басқа да өркениеттерге таныстыруы тиіс. Міне, жеткізе білгендігі үшін Декарт пен Монтескьелердің еңбегі арқылы сол ұлттың рухын сезіне аламыз. 
– Келіспеске болмас. Қызықты факт келтіре кетейін, басқа елдерге қарағанда әдебиет саласында Франция елі Нобель сыйлығын алудан көш бастап тұр. Бұл да бір тілдің феномені болар…
Айша Сұлтанқызы: Ол шүбәсіз өте сұлу тіл, француздардың жаны мен тілі ұқсас.  Мәселен, француздың Франсуа Мориак деген жазушысының "Дорога в никуда" атты романы бар. Шығарманы орысша оқу бір басқа, ал түпнұсқасы мүлдем өзгеше сезімге бөлейтін бөлек дүние. Абайды қазақша оқып өз жан дүниеңді көретінің сияқты. Бір кездері Қобыланды батыр мен француздың ортағасырлық "Роланд туралы жыр" эпосына салыстырмалы мақала жазған болатынмын. Бұл ретте айтқым келгені екі тіл де метафора мен эпитеттерге, идиомаларға бай. 
– Тілдің айырмашылықтары туралы айта кетсеңіз. Мәселен, салыстырмалы түрде қазақ тілінде үш шақ бар. Ал француз тілінде он бестен асады. Бұл тілді меңгеруде сәл қиындықтар тудырмай ма?
Айша Сұлтанқызы: Тудырмайды деген пікірдемін. Мысалы, орыс тілінде етістіктің аяқталған және аяқталмаған түрі бар. Ал француз тілі шақтардың көмегімен аяқталған не аяқталмаған әрекеттің ұзақтығын, түрлі қырларын сипаттайды. Яғни, іс-қимылдың түрлерін әр қырынан аша біледі. Сондықтан шақтар көп.   
– Бұл тілдің эмоциялық бояуы қанық болғандықтан, француз тілінен аударма жасау біршама қиын. Өйткені аудармашы тек сауатты аударып қана қоймай, мәтінді өң кіргізетін сөздермен толықтыруы тиіс. Тілдің люксембургтік, африкандық, бельгиялық т.б. диалектілері жетіп артылатыны бөлек әңгіме. Соған қара-мастан құлаққа тез қабылданады емес пе?
Айша Сұлтанқызы: Кез-келген тіл өзінше көркем. Дұрыс аудару үшін француз тілділердің айналасында өмір сүру шарт. Себебі, бір сөз отыз-қырықтан астам мағына бере береді, идиомалық оралымдары тым көп. Диалекттерге келер болсақ, олар кедергі келтірмейді, өйткені сөздердің көбісі латын тілінің базасынан алынған, тек тәжірибе болса болғаны.
– Француз ақыны Анри де Борнье "Әр адамның екі Отаны бар, бірі – өзінікі, екіншісі Франция" деген екен. Сіз үшін солай ма?
Айша Сұлтанқызы:  Мен әрдайым ол жақты менің екінші үйім деп айтып жүремін. Фран-циямен қауышарда әркез толқыныс үстінде боламын. 
– Еңбегіңіз жана берсін, рахмет!
Сымбат Смағұлова.
Фотосурет КМПИ сайтынан алынды.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓