Абайдан ЭКСПО көрмесіне дейін…
Бүгінде ҰБТ-ның жаңа форматы бойынша еліміздің соның ішінде облыстың білім беру ұйымдарындағы мектеп бітірушілері мектепті бітіру емтиханын бастады. 11-сынып оқушылары жаңа формат бойынша, ең алдымен, 29 мамыр мен 9 маусым аралығында қорытынды аттестаттау тапсырады. Емтихан мектепте өтеді. Біз оқушылардың жазбаша қорытынды аттестаттау емтиханды тапсыру барысы қандай деген мақсатпен Қостанай қаласындағы С.Мәуленов атындағы гимназиясында болдық.

-Биыл мектебімізді отыз жеті оқушы бітіреді. Мектеп бітіруші түлектеріміз қорытынды аттестаттау бітіру емтиханы бойынша мектепте 5 пәннен емтихан тапсырады. Оның ішінде, төртеуі – міндетті, біреуі – таңдау пәні. Біріншісі – ана тілі мен әдебиетінен жазбаша емтихан. Оқушылар эссе жазады. Эссеге 3 астрономиялық сағат беріліп отыр. Емтихан тақырыптары жазылған конверт оқушылардың көзінше ашылды. Жазбаша емтихан тақырыптарына келер болсақ, барлығы он тақырып, оның бесеуі – еркін, бесеуі – әдеби. Мысалы, қоғамдық-гуманитарлық бағытта оқитын сынып оқушылары жазатын эссе тақырыптарын алалық, онда Абай атамыздың қара сөздері, І. Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасындағы Сағынай асы мен М. Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясындағы Бөжей асынан мысал ретінде дәлелдер ала отырып, ас беру дәстүрі туралы талдап жазу. Алтынсариннің «Атымтай Жомарт» әңгімесіндегі Атымтайдың сөзі" сияқты тақырыптар бар. Ал, еркін тақырыптар: «Алаш ардақтылары көтерген ұлттық идеялардың бүгінгі күні жүзеге асқандығын дәлелдеңіз», «Астана – Тәуелсіздіктің жемісі», «ЭКСПО көрмесі», "А.Құнанбаевтың «Жігіттер, ойын арзан, күлкі қымбат» өлеңіндегі жігіттің мінез-құлқы, қасиеттерімен салыстыру". Сол секілді жаратылыстану бағытында білім алатын оқушыларға әдеби тақырыпта Абайдың қара сөздерін, І. Жансүгіров, Махамбет, Шәкәрім өлеңдерін салыстырып жазу, еркін тақырыпқа Астана, ЭКСПО көрмесі, киноөндіріс, өз өміріңіздегі әжеңізді М.Мақатаевтың «Ақ кимешек көрінсе…» өлеңіндегі әже бейнесімен салыстырып, талдау жазу дегендей шығарма тақырыптары келіп отыр. Оқушылар осы берілген он тақырыптың бірін таңдап, 250-300 сөзден тұратын эссе жазады. Оқушыларға орфографиялық және афоризм сөздіктерін алып, қолдануға рұқсат беріліп отыр, – деді мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлсара Қалиақпарқызы.


Гүлназым САҒИТОВА
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ