Қорқытып қаржы талап еткен
Таран аудандық соты ҚР ҚК 181 б. 2б. “б” тармағымен қарастырылған қылмысты жасағандары үшін азаматтар К. мен С.-ға қатысты сот үкімін шығарды.
Іс материалдары бойынша, 2014 жылдың 8-18 қыркүйегі аралығында айыпталушы К. материалдық пайда табу мақсатында С.-мен бірігіп шаруашылық басшысынан мүлігін, нақтырақ айтсақ, техникасын және шаруашылық егінін жоямын деп қорқыту арқылы 1 млн. теңге қаражатты заңсыз талап еткен. Бопсалау түрдегі хабарламаларды олар жәбірнеушінің қалта телефонына СМС арқылы жіберіп отырған. Бастапқыда шаруашылық қожайыны оған назар аудармаған. Алайда, ауыл шаруашылығы техникаларына тиесілі құны 1 млн. теңге болатын баллондар өртеніп, артынша: “Біздің қалжыңдамағанымызды түсіндің бе? Бұл ескерту, енді егін алқабы мен барлық техника жанатын болады” деген СМС хабарлама келеді. Істің насырға шапқанын түсінген жәбірленуші СМС хабарлама арқылы талап ақша мөлшерін 500 000 теңгеге азайтуға және қалған соманы кейін беруге келіседі. Бірақ, күдіктілер жәбірленушінің полицияға хабарласқанынан бейхабар еді. Сөйтіп, шаруа қожалығы иесінен келісілген соманың 450000 теңгесін алу кезінде айыпталушылар полиция қызметкерімен тұтқындалады. Осылайша, сот үкімімен екеуіне 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасы кесілді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қарлығаш Оспанова