Қош, Арғымақ жыл…

Күні кеше ғана "Арғымақ жыл, армысың!" деп ақжарма көңілмен келген жылға құшағымызды кең аша, ақтарыла сөйлеп едік. Уақыт деген қаса-қағым. Ғайып-ерен, ғажайып дүниелер болмаса да, арғымақ жылдың арыны мен қарымы жадымызда.
атҰлыстың ұлы күні туарда  ат ауыстырып, теледидардан газетке келдік. Жаңа ұжыммен таныстық, таныса жүріп табыстық. Тоқсан екі жылдан асқан тарихы бар газет бейнебір  құйрық жалы таралған, ауыздығымен алысып тұрған тарлан екен. Содан құйысқанды қысқартып, екі айылды нық тартып, тізгінді  шарт түйіп облыстың салқар даласына, ғайыр қаласына сапарладық.
Шыны керек, байтабамыз балағымыздың артынан қылтиып тұрса да, ауылдағы ағайын құшақ жая бар пейілін берді. Маңдайымыз тайқы, жігітіміз төр бермейді, қызымыз сөз бермейді деген жоқ. Тобыл-Торғайдың сан саласы,  төсі мен жон-жотасы, бұйрат-бұйратындағы ауылдың үстінен  жүріп өткен құйындай болмайық деп, аялдаған жерде әр ауызға сабырмен  құлақ түрдік.
"Қостанай таңы" төркініне әбден сарғайтып жеткен қыздай болды, елдегілердің де  көз көрген соң шемен жүрегі жібіп сала берді. Сағыныш-назын, әуезе сөзін айтты.
Әйеттің атырабындағы тарандықтар "Би-ағаңның (Бейімбет Майлиннің) есімін туған ауданына беретін уақыт жетті, осы неге ескерілмейді?" – деп, сауалды төтесінен қойды. Ұзынкөлдіктер қазақтың маңдайына біткен тұңғыш хас мүсіншісі Хакімжан Наурызбаев есімі ұмытылып барады,  Қостанайда, ауданда еш белгі жоқ, неге? – десе, "Газет арқылы Кейкі батырдың кебежесін таптық. Оны мұражайымызға әкеп тапсырдық, рахмет" деді, Арқалық мұражайының директоры Гүлбану Елтебаева. Ал  "Қарабатырда" марқұм Жәзит  ағамыздың басына тәу етіп, ауылдастарымен жүздескенде, ұлы Марат Құдайқұлов "әкемнің  салған жолындамын, мен сіздердің жаңашырларыңыз болып қаламын" деген. Қамыстыдан Сейітбек Есімбай: "Батыс-Еуропа-Батыс Қытай" жолы ауданымызды басып өтеді. Соның салыну барысын қадағаласаңыздар" дейді. Әулиекөлдік Сағындық Досмағамбетов көкеміз: "Өлеңді талғамай басасыздар, қазір кез-келген адам ақын болып алды. Өлеңнің буынына, бунағына қарамай сілтей береді көбісі. Ондайдан не үйренуге болады?", – десе, жанкелділік Кәкімжан Кәрбозов: "Қалың қазақ отырып, төл газетімізге жазылмауымыз ұят, азаматтығымызға сын" деп ауылдастарын ұлттық тілге, газетке жанашыр болуға шақырды. Жанашыр демекші, барлық қала мен аудандарда "Қостанай таңының" жаңашылдар клубы ашылып,  жергілікті жоғары сынып оқушылары арасынан  "Қостанай таңының" жас тілшілері жасақталды.
Жұртты елең еткізген  "Аймағанбет молда туралы не білеміз?" – деген мақала. Жарық көруі мұң екен, құдайсыз Кеңес заманында мұсылмандық мен имандылық жолынан айнымай, ислам дінінің ізгілік шуағын шаша білген адал перзент Аймағамбет Спанов туралы қалың оқырман жүрекжарды  пікірін таудай  етті. Тіпті  бір  парасын біз  іркіп  ұстап  отырмыз.
Байқасақ  –  бақсақ, газет  қазаққа керек  екен. Шер тарқастық. "Тар жерде ақыл берген – жаяуға ат бергендей, тар үйде орын берген  мерейлеп тақ бергендей"  күй  кештік. Кейде тіпті отыз екі тістің арасын жиі сығалай бермейтін сөздерді де құлақ шалып қалды.  Ішкері – тыскері жүргендерді де таса қылмадық. "Үлкен алдында  иіліп  сөйледік, кіші алдында сызылып сөйледік.  Иіліп  сөйлегеннен  беліміз бүгілмеді,  сызылып сөйлегеннен сөзіміз үзілмеді." (Бөлтірік шешен)
Қостанайдың төр алаңында, 26 маусым күні ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов ескерткішінің  қасында "Қостанай таңы" тұңғыш рет мүшәйра  өткізді. Би-ағаңның әруағына арнап өлең-жыр ақ жауындай себеледі. Ақындарымыз  ұлы жазушының рухына бағыштап сағынышын,  өксік-өкпесін, заманаға әуезе сөзін  жүректен қозғады.
Ал  қоңыр күзде Қостанайдың орталығындағы "Март" сауда кешенін газетіміздің  тың жобасы – "Домбыра – думаны" күмбірге бөледі.
Баспасөздің  қара   шаңырағында  ғалым-тарихшы Қойшығара Салғара: "Кітабым ағылшынға аударылса, әлемдік шу болар еді" –деді, ал ҚР Мәдениет қайраткері, мүсінші Тілеуберді Мелдешев: "Мен бұл пәниде риза болып өтер адамым – Хакімжан Наурызбаев. Қостанайда ескерткіш ашылғанша мұнда келуден, талай табан тоздырудан жалықпаймын" – деп, ол кетті. Абыз қария Шәңгерей Жәнібеков 90-ның төріне шықса, "әй-әй" ақын Қонысбай Әбіл 60-ты талтүс екенін "дәлелдеуге"  ұмтылды.
Биыл "Қостанай таңы" құрылымында жаңалық-социологиялық зерттеу орталығы ашылды. Облыстық ішкі саясат бас-қармасының қолдауымен іске асқан бұл жоба ел баспасөз тарихында бұрын-соңды болмаған дүние.
Арғымақ жылдың еншісіндегі игі істердің бір парасы осындай.
Қош, Арғымақ жыл!
Жанұзақ Аязбеков

 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓