Жасай бер жаса, ардагер!
Еліміздегі ардагерлерге Елбасының атынан құттықтаулар мен сыйлықтар табысталып жатыр. Осынау өнегелі іс-шарадан Әулиекөл ауданының азаматтары да қалыс қалған жоқ. Аталмыш ауданның әкімі Амантай Балғарин ардагерлердің үйіне арнайы барып, мемлекет басшысының құттықтау хатын тапсырған болатын.

-Ардагерлерді назардан тыс қалдырғанымыз жоқ. Әрқашан жағдайларын біліп отырамыз. Мерекелік іс-шаралардан қалдырған емеспіз. Біз үлкенді сыйлаған елдің ұрпағымыз. Үлкенге құрмет білдіру қанымызда бар қасиет. Ақсақалдардың ақ батасын алып жүргенге не жетсін?!,-деді Әулиекөл ауданының әкімі Амантай Балғарин.
Келесі кезекте Владимир Приставский және Василий Чалый сияқты қос ардагердің үйіне бардық. Ақсақалдар аудан әкімі апарған сый-сияпатты қуана қарсы алып жатты.
– Ауданымыздағы ардагерлердің дендері сау, балалары аман, тыныштықта өмір сүріп жатыр. Бәрінің баспаналары бар. Медициналық көмек дер кезінде көрсетіледі. Олардың көлікпен жүріп-тұруына, отын-суы мен телефон төлемдеріне аудан бюджетінен жәрдемақылар беріледі,-деді аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Әкімбек Қабденұлы
Қымбат Досжанова