Зауыттың ашылуы кейінге шегерілді
Құрылысы осыдан екі жыл бұрын басталған Рудныйлық цемент зауытының ашылуы 2015 жылдың шілдесіне шегеріліп отыр.
Еліміздегі ірі инвестициялық жобалардың бірі саналатын зауыт жылына 500 мың тоннадан астам сапасы жоғары цемент шығармақ.
– Цементті құрғақ әдіспен өндіру технологиясы Қытайдың "Синома" фирмасымен бірлесіп әзірленген. Құрал-жабдықтар Италия, Германия мен Қытай елінен жеткізілді. Ал ауыз су мен техникалық су, байланыс пен электр желілерін жеткізуге "Бизнестің жол картасы 2020" бағдарламасы шеңберінде бюджеттен 730 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңдағы ең басты мәселе – зауытқа апаратын темір жол торабы болып отыр, – дейді зауыт директоры Николай Ведерников.
Айта кетерлігі, бұл жоба Қостанай облысының индустрияландыру картасына енген және облыс әкімінің жіті назарында. Зауыт іске қосылса, Рудный қаласы мен оның маңайындағы елді мекендерден 240 адам жұмыспен қамтылмақ.
Қуаныш
ЕСҚАБЫЛ