Шаруақор басшының шапағаты
Тоқсаныншы жылдардың басында ауыл шаруашылық саласы талан-таражға түскен тұста бұрынғы кеңшарларды сол қалпы сақтап қалған іскер азаматтардың бүгін ұпайы түгел. Мұндай дәулеті шалқыған шаруашылықтар біздің облыста аса көп емес. Қамысты ауданындағы атағы "жер жарған" "Алтынсарин" ЖШС-ін солардың қатарына жатқызуға болады. Облыс орталығынан шалғайда жатқан ауылдан ешкім ірге көтеріп көшіп кеткен жоқ. Керісінше, мұнда қоныстанушылардың қатары көбейген. Еңселі елді мекенде бос тұрған бір үйді көрмейсіз. Оны айтасыз, Алтынсарин ауылы құдды бір ертегі қалашығы іспетті. Мың жарымнан астам тұрғын алаңсыз өмір сүріп жатыр. Үлкен кісілер мен мектеп оқушылардан өзгесі шаруашылықта жұмыс істейді.
Серіктестіктің еншісінде100 мың гектардан астам алқап бар. Оның үстіне көршілес Ақтөбе облысындағы Әйтеке би ауданының аумағынан 25 мың гектар жер алған. Шаруашылықтың өз басында 500 басқа арналған мал бордақылау алаңы жұмыс істейді. Сондай-ақ, сүт өндіру саласында да шаруашылықтың айшықты ізі қалыптас-қан.Қысқасы, ауыл тұрғындары ештеңеден мұқтаждық көріп отырған жоқ.
Білікті басшы Б.Князев жақында тағы бір жақсы істің ұйытқысы болды. Шаруашылық жұмыстарына аса қажетті жаңа үлгідегі 16 "ПТЗ" тракторларын сатып әкелді. Бұл үшін ол банктен несие алған жоқ. 500 млн.теңгені қалтасынан шығарып, туған өлкені өркендету жолына жұмсады.
Жаңа техниканы иелеріне табыстау салтанатына облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов қатысты. Сондай-ақ, шараға көршілес Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Мұхтар Жұмағазиев,Ресей Федерациясының Қазақстандағы елшілігінің хатшысы Александр Аверин және Петербург трактор зауытының директоры Сергей Серебряковтер қатысты.
Үстіміздегі жылы 17 шілде күні Қостанай облысының әкімдігі мен "Петербург трактор зауыты" ЖАҚ-ы арасында өзара ықпалдастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. Міне, сол іскерлік байланыстың алғашқы жемісі алтынсариндіктерге бұйырып отыр.
Мәртебелі меймандар ең алдымен Алтынсарин атындағы серіктестіктің бірқатар нысандарын аралап шықты.
Теміржол тұйығындағы астық артатын пункттің жұмысымен танысып, мал шаруашылығы кешенін барып көрді. Серіктестік директоры Борис Князев қонақтарды шаруа жәйінан құлағдар етті.
Апыр-ай, бұл ауылда не жоқ дейсіз! Осыдан алты-жеті жыл бұрын Борис Князев орталықтан еңселі музей ғимаратын сала бастағанда, таңырқаған кісілер көптұғын. Бүгінде солардың бәрі директордың тапқырлығына үнсіз бас шайқайды. Ақтөбеліктер бұл музейге әлденеше рет келген. Ал енді ресейлік қонақтар мынадайды көргенде "жағаларын ұстады".
– Алыстағы ауылда дәл осындай болады дегенге өз басым сене қоймап едім. Мыналарды көріп шынында таңданым тұр-мын, – дейді Сергей Серебряков.
– Иә, музейде бәрі бар. Кешегі Ұлы Отан соғысын көрген әскери көлік те осында тұр. Міне, мынау ұзын "Чайка" облпарткомның басшысы В.Демиденконы тасыған. Алғашқы ғарышкерлерді алып жүрген автобус та ауыл музейіндегі құнды жәдігерлердің бірі. Ең бірінші шыққан тракторлар да сап түзепті. Қысқасы, соқа, ат арба, жетекті тырмадан бастап, кешегі кеңестер дәуірінде тұтынған көліктердің бәрі осы музейдің ішінен табылады.
Әлеуметтік нысандарды аралаған соң салтанатты шара басталды. Алыс-жақыннан келген қонақтардың қарсы бетінде су жаңа тракторлар мен автокөліктер тізілген. Ауыл тұрғындарының дені осы шараның басы-қасында жүр. Жиналғандар алдында облыс әкімінің орынбасары Базыл Жақыпов сөз алды:
– Қостанай облысының ауыл шаруашылық құрылымдарында барлығы 24 мыңнан астам трактор бар. Соның 5039-ы алып "Кировецтер" болса, соның ішіндегі 386-сы соңғы үлгідегі "К-744Р" маркалы тракторлары. Тек қана соңғы бес жылда біздің облысқа 113 "К-744" тракторлары әкелінді, – деді ол өз сөзінде.
Биыл қыркүйек айында Қостанай ауданына қарасты "Карл Маркс" ЖШС-інің базасында Петербург трактор зауытынының Қазақстандағы ресми дестрибью-терлері – "Урал ЛТД" компаниясы мен "ҚазНИИМЭСХ" ЖШС ҚФ-ның ұйымдастыруымен жаңа техника таныстырылған еді. Оған облыс ауыл шаруашылық құрымдарының жүзге тарта басшысы қатысты.
Естеріңізде болса, 2007 жылы "К-744Р1" маркалы тракторларын Қостанайдағы "Аграмашхолдинг" зауытында бірлесіп құрастыру жөнінде дәл осы Петербург трактор зауыты мен "Иволга-Холдинг" ЖШС-і өзара келісімге қол жеткізген еді. Сөйтіп, өткен жылға дейін мұнда барлығы 355 трактор құрастырылды. Қазір мұндай тракторлар бізде шығарылмайтын болды.
Сонымен, салтанатты шараға қатысқан қонақтар "Алтынсарин" серіктестігіндегі озат механизаторларға жаңа тракторлардың кілттерін табыс етті. Мұндай құрметтен шаруашылық мамандары да құр қалған жоқ. Олар жаңа "Нива-Шевроле" көліктерін тізгіндеді.
Айбек
КӘДІРҰЛЫ
Қамысты ауданы.
Суретті түсірген автор.