Мектеп адам танымастай өзгерді
Қарабалық ауданындағы Абай атындағы №2 орта мектеп күрделі жөндеуден кейін қайта пайдалануға берілді.
Ол үшін биыл республикалық және облыстық қазынадан 211,7 млн теңге бөлінген болатын. Бүгінде ғимараттың іші мен сырты адам танымастай өзгерген. Атап айтқанда, жарықтандыру, жылу беру және кәріз жүйесі жаңартылып, пластикалық терезелер орнатылған. Еуропалық үлгіде әрленген кабинеттерге жаңа жиһаз бен жабдықтар әкелінсе, жылу сақтағыш материалмен қапталған мектептің қасбеті көз тартып тұр. Оқу жылының басында аудан орталығындағы №1,3 мектеп пен агротехникалық колледжге уақытша көшірілген оқушылар мен ұстаздар Тәуелсіздік күні қарсаңында су жаңа мектептеріне кіріп отыр. Баршаға мерекелік көңіл-күй сыйлаған үшбу елеулі оқиға ел есінде көпке дейін сақталары сөзсіз.
Қуаныш Есқабыл