Мақсаты – сенім үдесінен шығу

oikokpar

Белгілі айтыс ақыны Сәт Есенбаев  есімімен аталатын шағын ауыл тұрғындары  Н.Ә. Назарбаевтың "Нұрлы  жол– болашаққа бастар жол" Жолдауын оқығаннан кейінгі қуаныштарында шек болмады. Ар-қалық-Торғай күре жолы  іргесінде  жатқан ауылдың қуанар  жөні бар. Қаржы тапшылығынан салынып  жатқан жол келер жылы да жетпеу қаупі бар еді, енді  бөлінген қыруар қаржы жол құрылысын  тездеткелі отыр. Біреулер  Қарасу ауылына, енді біреулер аудан орталығына  жетіп  жығылады деседі, не десе де  Сәт ауылын басып өтері  анық.  
Кезінде  отарлап қой, табындап сиыр өсірген ауылдың кеңшар  тарағаннан кейінгі кезеңдегі  тұрмысы  шатқаяқтап, ел кете бастағаны рас еді.  Бастауыш мектеп жабылуы оқу жасындағы  баласы барлардың өзге жақтан  қоныс іздеуіне  мәжбүр еткен. Кейінгі жылдарда ,  әсіресе, қаладан жас кәсіпкер Сағдат Дәуғарин көшіп келіп, шаруа қожалығын құрғаннан кейін  ауыл өмірі  басқаша сипат ала бастады. Ауыл жастары үй,  қора құрылысына  тартылып,  жұмыс орны пайда болды.  Түрлі бағдарламалар бойынша алған несиесіне ірі қара, қой, жылқы сатып алған Сағдат мал өнімі  молшылығын жасаудың басты кілті – малды асыл тұқымдандыру  екенін түсіне білді. Өткен жылы бір, биылғы жылы 2   Әулиекөл    асыл тұқым бұқасын З.Жаңбыршинов шаруашылығынан сатып әкелді. Лизингке "Белорусь" тракторын сатып алып,  мал азығын дайындап, артығын ауыл тұрғындарына  арзан бағамен өткізді. Су жаңа трактордың қызығын Қарасу ауылы тұрғындары да  көрді. Қыстағы борандарда  бірнеше күн  жол ашылмай, техника күре жолға  шыға алмай жатқанда Сағдаттың тракторы  көмекке келіп , қиындықтан  құтқар-ған. Көктемде  өзен жағасында тұратындарға үйлері жанынан көкөніс, картоп өсіруге арналған жерлерін  жыртып, өңдеп берді. Биылғы  Нау-рыз тойы Қарасуда бұрын болып көрмеген, ерекше жағдайда өтті.   Оны  ұйымдастырған да Сағдат және оның жігіттері болды. Шағын ауыл тұрғындары киіз үй тігіп, ұлттық  тағамдар дайындап, спорт жарысын ұйымдастырып, салтымыздан көріністер көрсетті. Жеңімпаздарға  тоқты, туша, ақшалай сыйлықтар беріліп, балуандар белдесті, апай төс жігіттер ауыр гір тасын көтеріп  жарысқа түсті. Айбаттың пісірген кәуабының  тәттілігі  әлі күнгі ел аузынан түспей келеді.  "Нұр Отан" пар-тиясының мүшесі, жалынды жас жігіттің ел ықыласына  бөленуі өзінің тынымсыз еңбегінің арқасы болса керек…
Сағдаттың әкесі  Сайлау марқұм дүниеден ерте өтіп кетті де бар ауыртпалық  жолдасы  Жұмабикеде қалды. Балаларын жеткізу  мақсатында  бос шөлмек жуып өткізді. Таңның атысынан күннің батысына дейін  бел шешпей  еңбек етті. Шешесінің  қиналып жүргенін түсінген балалары да  еңбекке ерте араласып, әртүрлі  іспен айналысты. Біреуі көп орынды "Уаз" машинасымен  Баш-құртстан, Ресейге көшкендерді  жүгімен апарып табыс тапса, екіншісі саудамен  айналысты. Ағайынды 3 жігіт аз ғана уақыт ішінде Арқалық  қаласынан  бірнеше үй  алып, шаруашылықтарын дөңгелетіп әкетті. Өткен жылы Сағдат өзі туып өскен ауылына келіп, ағайын- туыстың  басын қосып, батасын алып, шабындық,  жайылымдық жер алып,  шаруа  қожалығын ашқан. Мал  өсірумен  айналысып қоймай, ауылдың мәдени – көпшілік жұмыстарын да  атқарып келеді. Шағын ауыл тұрғындары қазір  соғым етіне  шақырып, күніге бір үйде бас қосады. Осындай отырыстарда әр түрлі тақырыптарда  әңгіме қозғалады. Қазіргі  әңгіме арқауы – Президент Жолдауы.  Қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыруға, өмір сапасын жақсартуға  бөлінген қыруар қаржыға  ризашылықтарын білдіреді. Ұлттар мен ұлыстар достығы, ел бірлігі, "Мәңгілік ел" идеясы  – Президенттің саяси көрегендігі деседі. Әсіресе, ел болашағы, жастарға жасалынып отырған  қамқорлықта  шек жоқтығына  риза болады.  Соған орай  ауыл жастары да  лайықты жауап беруде.
– Өткен жылы  бір мал қорасын салсам, алдағы жылы да  бір қора салмақпын. Жаңадан тағы бір "Беларусь" тракторын  шалғысымен  алуды жоспарлап отырмын. Мал басын өсіріп, жаңа жұмыс орнын  ашамын,–  дейді Сағдаттың өзі.
– Кеңшар тарап, ауылды  жұмыссыздық  жайлағанда  әртүлі  кәсіппен айналыстым. Байшыкештердің малын бағып , малына жем-шөп дайындап , трактор да айдадым. Соның бәрі де жұмысын істетіп алып, жалақы төлеуде қиналып, "Ұзын арқау –  кең тұсауға" салып, кейбірі көк тиын татырмай "лақтырып" кететін. Биылғы жылы  Сағдаттың жаңа тракторымен мал азығын дайындадым.  Әр айдың аяғында  жалақымды  бәйбішемнің қолына әкеліп береді. Науқан аяғында қолдағы малыма  қажетті шөпті тегін берді. Қаз, үйрегіме  қаптап жем беріп, шаруашылығыма көмектеседі. Жалғыз мен емес  барлық малшы-жұмысшыға  үнемі қамқор болып отырады. Жекеменшік көлігін  мініп,  жиын тойымыздан да қалмаймыз. Жастайынан қиындықты бастан өткеріп өскен жігіт  ғой Байшыкештердің бәрі ол сияқты  кісіақысын жемей көмек көрсетсе ауылдағы  мамандығы, жұмысы  жоқтар жағдайы да  жақсарар еді. Әкесі  марқұм Сайлау да ақкөңіл, еңбекқор жігіт еді. Кемер ауылы желкесіндегі  қалың құм ортасындағы  көкжелекті су құйып өсірген сол еді,– дейді механизатор Нұрфазыл Төкен.
–  Сағдат бастап, басқалары  қостаған жастарымыз ауыл өміріне жаңалықты   жақсы  өзгеріс әкеліп отыр.  Олардың  әрбір игілікті қадамын   қолдап, үнемі қамқорлық жасау керек. Кешегі Нұржанов басқарған заманда  бұрынғы Торғай облысы- ның алды болған едік.  Кейіннен дамудың соңында қалдық, бұйығы  тіршілігімізді  бұза  жарып жастарымыз  жақсы істерге мұрындық болуда.  Ауыл жастары ғана емес бүкіл қа-расулықтар Сағдаттың  жаңалықты істерін қостап ғана қоймай үлгі-өнеге алуы керек. Биылғы күзде  шабындық жерді молайту мақсатында бұрынғы  бөгет арнасын жаңғыртуы, оған қаражат бөліп болашақ үшін жұмыс істеуі оның азаматтығын көрсетеді.  Бір күнгі пайдасын ойламай, алдағысын ойлайтынын көрсетеді,– дейді ауыл ақсақалы, күйші, сазгер, Қазақстан мәдениетіне  еңбегі сіңген қайраткер Айтбай Мұздаханов.
Сағдаттың аз ғана жылдағы  қол жеткен табыстары  "Қазақстан"  телеарнасы арқылы республикаға  таратылды. Жас жігіт үнемі ой үстінде, оны мазалаған ой – өзі  сияқты жастарға  Елбасы жасап отырған әкелік қамқорлық, сенім үдесінен шығу.
  Серікбай Шоңғалов.
Қарасу ауылы,
Аманкелді ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓